24 Қаңтар 16:03
...

Нумерологқа айналған актриса. Айгерім Жаңылбаева НЕГЕ көрінбей кетті?

Ж
Фото: А.Жаңылбаеваның инстаграм парақшасынан

Айгерім Жаңылбаеваны киносүйер қауым Ақан Сатаевтың «Ағайынды» туындысы арқылы таныды. Алайда сұлулығымен сүйсіндірген актриса кино әлемінде көп тұрақтамай, көрермен көзінен тасада қалды. Тілшіміз мансабын модельдік бизнестен бастаған актрисаны іздеп тауып, тілдескен еді.

– Айгерім, сізді алғаш экраннан көрген жұрт «қазақ киносына жаңа бейне келді» деген еді. Бірақ санаулы кинодан соң экраннан көрінбей кеткеніңізге не себеп? 

– Алдымен кәсіби актриса болмасам да маған сенім артып, «Ағайынды» телесериалына шақырған Ақан Сатаевқа алғыс білдіргім келеді. Бұл фильм өнерге таласы бар біраз таланттың жұлдызын жақты. Жобаның көрермен көзайымына айналғаны сонша, әлі күнге дейін көпшілік көрген жерде менімен суретке түсіп, қолтаңба сұрап жататады. Бұл телетуындыдан соң маған өзге режиссерлерден шақырту түсе бастады. Мәселен, Баян Мақсатқызының «Ғашық жүрек» жобасында, одан көп ұзамай Қанағат Мұстафиннің «Айналайын» ситкомында ойнау бұйырды.

Бір күні дастархан басында Клара әпкеммен (Күзденбаева – ред.) жақын араласқан марқұм Батырхан Шүкенов «бір типті рөлдерді ғана ойнайтын актриса болып қалма» деп кеңес берді. Ойлап қарасам, маған ұсынылатын образдардың дені бір-біріне өте ұқсас, мінезді, ерке-шолжаң қыздар екен. Сондықтан түскен шақыртулардан біртіндеп бас тарта бастадым. Соңында киногерлер шаршады ма, шақырту жағы сейіліп қалды.

Бұдан соң киноға дейін мансабымды бастаған Beeline компаниясына қайта қызметке орналастым. Бұл мекемеде сауда маркетингіне жауапты болғандықтан, менің жұмысым тікелей шығармашылықпен байланысты болды. Кинода тәжірибем болғандықтан ондағы жарнамалық роликтерге түсу үнемі маған жүктелді. Осы кезде жан-жақтан қайта шақырту келе бастады. Бірақ түсірілім алаңына күнде баруға тиіс болғандықтан, тұрақты жұмысымнан айырылып қалмауды жөн көріп, олардан бас тарттым. Осылай кеңсе жұмыстарымен жүргенде өмірлік серігіммен кездесіп, тұрмысқа шықтым. Өмірге сәбиіміз келген соң уақытымның басым бөлігін отбасына арнауға тура келді.

Ж
А. Жаңылбаеваның жеке мұрағатынан

– Ал танымалдықты нумерологиямен алмастыру қиын болған жоқ па?

– Негізі мен нумералогиямен киноға дейін етене таныс едім. Бұл саламен мектепте оқып жүрген шағымда белгілі нумеролог Клара әпкем таныстырды. Сандарды санау арқылы болжам жасау қызық болғандықтан, үнемі жолымда жүздескен адамдардың туған күні мен жылына қарап табиғатын тануға тырыстым. Тіпті, түсірілім алаңында бірге ойнайтын жандардың да туған күндерін санау арқылы олардың мінезіме сәйкес келетін-келмейтін тұстарын анықтап алатынмын.

Мысалы, Берік Айтжановпен бірқатар сандарымыз ұқсас келді. Бұл экранда сенімді серіктес болатынын білдірді. Осылайша бұл сала маған өнер жолында біраз септігін тигізді.

2019 жылы Клара әпкем ұлы, белгілі нумеролог Руслан Күзденбаев өмірден өткен соң оның жолын жалғастыруым керек екенін айтты. Декреттік демалыста отырғандықтан әлеуметтік желіде нумерология жайлы ақпарат беріп, белсенді бола түстім. Көп ұзамай тұрақты түрде көмегіме жүгінетіндер саны артып, қосымша табыс таба бастадым. Қазіргі таңда Мәскеу гештальт және психодрама институтының Астанадағы бөлімшесінде психолог мамандығы бойынша екінші курста оқып жатырмын.

Айтпақшы, биліктегілердің дені нумерологтардың көмегіне жүгінетінін естиміз. Сіздің алдыңызға келетіндер арасында шенділер көп пе?

– Менің көмегіме жүгінетіндер қатарында түрлі категориядағы жандар бар: шенеуніктерден бастап, кәсіпкер, есепші дейсіз бе, түрлі маман иелерін кездестіруге болады. Бірақ олардың аты-жөндерін жария еткенім жөн болмас. Алыс-жақын шетелдерден орыстілді азаматтар да хабарласып жатады.

Арада киноға түсуге шақырушылар да болған шығар?

– Бірде сандардың сиқырына қызыққан тележурналист Айгерім Самалбекқызы сұхбат алуға келді. Әңгіме соңынан кейін оның туған күні мен айына тиіс сандардың сыйқырын ашып бердім. Оған бір орында тұралап қалмай, армандарына қол созып, мансабын өрлетуге қадам басуы қажет екенін айттым. Ол кинопродюсер болу арманы екенін алға тартып, егер жолы болып жатса, өзінің туындысына түсуге мені шақыратынын жеткізді. Уәдесінде тұрып, 2022 жылы «Медеуде кездесейік» телехикаясында ойнауға шақырды. Бұл менің киноға он жылдан кейін оралуым еді.

Бұл жобадағы серігім Дулыға Ақмолда болатынын естігенде, катты қуандым. Арада ұзақ уақыт өтпей туынды ұлттық «Наурыз» фестивалінде үздік деп танылып, мен екінші пландағы актриса есебінде марапатталдым.

Ж
А. Жаңылбаеваның жеке мұрағатынан

Одан кейін Самалбекқызының продюсерлігімен таспаланған «Хақ» және Гүлжайна Гарифоллинаның «Бесплатный адвокат» фильміне түстім. Соңғы аталған фильмде серігім Азиз Бейшеналиев болатынын білгенде, жаратқанның кинодағы жолымды оңғарғанына тағы да мың мәрте алғыс айттым. Осылайша менің киноға қайта оралғанымды білген киногерлер тарапынан ұсыныстар келе бастады. Мысалы, өткен жылы бір шақырту түсіп еді, аяғым ауыр болғандықтан бас тарттым. Алда халықаралық кинофестивальдерге қатысатын туындыларда төбе көрсеткім келеді. Драма мен триллер жаныма жақын, оның өзінде салмақты рөл бұйырса деймін. Ал комедия мен хоррор жанрын аса ұната бермеймін.

– Негізі сіз алғашқы мансабыңызды модельдік бизнестен бастаған едіңіз. Оны жалғастырудың реті келмеді ме?

– Иә, мен Австрия, Париж, Англия сынды елдердің подиумында «Мақпал» сән үйінің атынан қазақтың ұлттық киімдерін таныстырдым. Бір өкініштісі, әлемдік сән индустриясында жасы келген жандар жүре береді. Ал біздің елдегі модельдік бизнесте 25 жастан кейін мансабың тоқырайды. Сондықтан бұл саладан алшақтап кеттім.

Сандардың сиқырына жүгінер болсақ, биылғы жыл Қазақстанға не береді?

– Нумерологияда болжам қандай да бір күн, ай, жылға негіздеп жасалады. Бірақ жалпы тұрғыдан алғанда тоғыздық болып саналатын бұл жылан жылы – алға жылжу, жаңашылдықты игерумен ерекшеленеді. Сондай-ақ елімізде ақпараттық технология барынша дамып, әр салада жасанды интеллект пен цифрландыру жүйесі қарқын ала түседі.

Сіздің күйеуіңіз Берік Айтжанов деп ойлайтындарға жарыңызды жақын таныстырып өтсеңіз.

– Желіден менің суретімді көргендер «сіз Берік Айтжановтың жұбайысыз ба?» деп сұрақ қойып жатады. Негізі ол кісінің жарының да есімі – Айгерім, бір жағынан ол да актриса. Осыған байланысты көпшілік шатастыра беретін көрінеді. Ал шынтуайтында, Берік екеуміз сериалда ғана жұп болдық, оның өзінде «ажырасып» тындық.

Ж
А.Жаңылбаеваның жеке мұрағатынан

Ал жарымды жақын таныстырар болсам, есімі – Мадияр. Солтүстіктің қазағы бола тұра салт-дәстүрді бір кісідей меңгерген. Өнерден алшақ адам, жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Сенсеңіз, ол мен түскен фильмдерімді көрген емес. Мұны айтсам, зейнетке шығып, қолым босағанда қарайтын дүние болу керек қой деп қалжыңға салады. Тек «Бесплатный адвокат» фильмін ғана көрді, оның өзінде сын айтпады, тек «Жарайсың!» деп қайырды. Бірақ бұл менің талантыма тұсау салады дегенді білдірмейді. Керісінше, қандайда бір киноға түсуге бел байласам, балаларды өзі қарап, үй ішінің тірлігін өзі жайлайды. Осындай қолдауы мен қамқорлығы үшін отағасына алғыс білдіремін.

– Онда жора-жолдастары арасында келіншегін мақтан тұтатын болып тұр ғой. Әлде қызғанатыны бар ма?

– Күйеуім өте ұстамды адам. Мәселен, көшеде немесе мейрамханада біреулер мені танып, қасыма келіп, суретке бірге түсуімді өтініп жатса, жылы қабақпен күлімсірей қабылдайды. Соған қарағанда, мақтан тұтар деп ойлаймын.

Ж
А. Жаңылбаеваның инстаграм парақшасынан

– Неше баланың анасысыз? 

Біздің бір ұл, екі қызымыз бар. Кенже қызым бес айлық, қазіргі таңда соның күтімімен үйде отырмын. Кейбір таныстарым балаларымды жарнамаға түсуге кастингке шақырып жатады. Бірақ өздері баруды құп көрмеген соң мен де қолқаламаймын. Дегенмен, шығармашылықтан алшақ емес, бірі спортпен айналысса, бірі пианино мен домбыра үйірмесіне қатысады.