Ақтөбеде әйел адам түрмеге тәтті орнына марихуана орап өткізбек болды
Ақтөбеде колония қызметкерлері тәтті орнына марихуана орап өткізбек болған әйелді анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбе, NEGE. Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты КА-168/2 қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінің қызметкерлері мен полицейлер күдік туғызған сәлемдемені тексеріп, оның есірткі екенін анықтады. Әйел тәтті орнына пластикалық 16 шприц сауытына мұқият жасырылған марихуананы өткізбек болды. «Сәлемдемені жіберуші өз кінәсін жазбаша түрде толық мойындады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес азаматша Қылмыстық кодекстің 296-бабы 2-бөлігі бойынша есірткі заттарын өткізгені үшін қылмыстық жауапқа тартылады. Сонымен бірге бір жыл бойы күйеуімен кездесе алмайды», - дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Алмас Шамишев. Айта кетейік, 2020 жылдың қорытындысы бойынша, Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ қызметкерлері түзеу мекемелеріне кіргізуге тыйым салынған 600 грамға жуық есірткі заттарын, 1,5 литр спирттік ішімдікті, 160-тан астам мобильді құрылғы мен 300 мың теңгеге жуық ақшаны алып өту және пайдалану дерегін тіркеді.