13 Желтоқсан 15:57
...

Ақтөбеде 9 жасар қыз зорланды

Фото:

12 желтоқсанда жергілікті уақытпен түскі сағат 13.30 шамасында  орта жастағы еркек пәтерге кіріп, үйде  жалғыз отырған бүлдіршінді зорлап кеткен. Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желіде тараса да, әзіргі полиция департаменті ресми ақпарат таратқан жоқ.

Оқиға қаланың ескі бөлігіндегі  теміржол вокзалының жанындағы тұрғын үйлердің бірінде болған. Қыз бала күндегісінше  қасында бірге оқитын үш құрбысымен сабақтан шығып, үйлеріне келе жатады. Көшенің бойында  келе жатқан балалардан әлдебір орта жастағы еркек «Осы үйлердің бірінде мысықтың баласын сататындар бар ма?» деп сұрайды.  Балалар «жоқ» деп жауап беріп, ешқайда бұрылмастан өз үйлеріне қарай бөлініп кетеді.

Шамамен 5-10 минуттан кейін пәтердің есік қоңырауы соғылып, бала есік ашқанда, әлгі көшеде мысық жөнінде сұраған еркек «телефон зарядтап алайын» деген. Бала үйге кіруге рұқсат бермей, пәтер есігін жауап алады. Содан кейін әлгі еркек тағы да есік қоңырауын шалып, «дәртеханаға кірейін»  деп сұраған. Бала есікті ашқанда, ол үйге күшпен кіріп, бүлдіршінді зорлаған.

Осы кезде үйіне келген қыздың әкесі осы жағдайдың үстінен шығып, дереу полицияға хабарлайды. Бала ауыр халде жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Қазір медициналық көмек көрсетіліп, психологтар жұмыс істеуде.

Сол күні Ақтөбе қаласы Алматы ауданы полиция бөлімі кәмелетке жасы жетпеген баланы зорлағаны үшін қылмыстық іс қозғап, қазір сол күні мектептен қайтқан қыздарды тосып, мысық туралы сұраған еркек туралы іздестіруде. 8 март көшесіндегі дүкендердің бірінде  басына  қара телпек, үстіне қоңыр күрте киген күдікті ер адам бейнабақылауға түсіп қалғаны анықталды. Ол сол күні түске  қарай осы маңды торуылдап жүрген. Қазір баланы соңынан қуып, үйінде адам жоқтығын көре тұра айуанды әрекет жасаған жасы 45-50-дегі ер адамның кім екенін полиция әлі  хабарламай отыр.

Үйдегі үлкендер  жұмыста болғанда, тал түсте үйіне келіп, зорлық жасаған оңбағанның ісі қала тұрғындарының ашуын туғызды. Үйдегі үлкендер жұмыста, балалар сабақтан қайтқанда, жолын тосып торуылдаған еркек бұрын-соңды ІДД  тіркеуінде тұрған педофил ма, осы қаланың тұрғыны ма, полиция еш дерек айтпай отыр. Оның үстіне, күдіктінің меткептен  қайтқан 4-сынып оқушысының подъезге кіргенін де еш адам, соның ішінде көршілері де көрмеген сияқты.

Қазір журналистер педофилдің ісіне қатысты Ақтөбе облыстық полиция департаментінен қандай да бір ақпарат күтіп отыр.

Баян Сәрсенбина, Ақтөбе облысы

Тегтер: