Ақтөбеде жер қойнауын пайдаланушылар 1,2 млрд теңге салық төлемеген
Ақтөбе облысында жер қойнауын пайдаланушылардың 1,2 млрд теңгеден астам салықты төлемегені анықталды. Прокурорлық тексеруден кейін салық қызметінің үш қызметкері тәртіптік жауапқа тартылды.
Астана, NEGE. Облыстық табиғатты қорғау прокуратурасының мәліметінше, 2022–2025 жылдары жер қойнауын пайдалануға қатысты 127 келісімшарт бойынша салық толық төленбеген. Соның салдарынан мемлекетке 1,2 млрд теңгеден астам шығын келген.
Прокуратура араласуының нәтижесінде бюджетке 600 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды. Бұған қоса, 29 компания жалпы сомасы 250 млн теңге болатын қосымша салық декларацияларын өз еркімен тапсырған.
Қазір прокуратура қалған берешектің толық өтелуін қадағалап отыр.
Тексеру барысында салық органдары қызметкерлерінің де өз міндеттерін тиісінше орындамағаны белгілі болды. Соның нәтижесінде үш қызметкер тәртіптік жауапқа тартылды.