Ақтөбеде тағы бір келіншек бұрынғы күйеуінің қолынан ажал құшты: күдікті ұсталды
Ақтөбеде 6 қарашаға қараған түні тағы бір әйел бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапқанын туыстары әлеуметтік желіде хабарлады. Облыстық полиция департаменті бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.
Астана, NEGE. Туыстары марқұмның артында кішкентай қызы қалғанын жазды.
Оқиға болған үйдің тұрғындарының бірі желідегі жазбаға қайғылы жағдайға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, оқиғадан бірнеше уақыт бұрын марқұм көршілердің ортақ чатында белсенді болып, үйге камерасы бар цифрлық домофон орнату мәселесін талқылаған.
«Ол желіде жауап беріп отырды. Арада 30 минут өткенде полиция мен жедел жәрдем келді. Сағат 23:00-ге таман оның денесін алып шықты», – дейді көршісі.
Сондай-ақ ол сол уақытта төменгі қабатта тұратын марқұмның пәтерінен ешқандай дыбыс естімегенін айтады.
Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыс бұрынғы ерлі-зайыптының арасындағы тұрмыстық жанжал салдарынан болған.
«Полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады полиция департаменті бастығының орынбасары Әсет Қалиев.
Бұл ретте полицейлер марқұм мен бұрынғы күйеуінен бұған дейін тұрмыстық жанжалдар болғаны туралы ешбір арыз-шағым мен хабарламалар түспегенін атап өтті.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.