Ақтөбеде Неке сарайында 26 жастағы әйел пышақ жарақатынан көз жұмды: күдікті ұсталды
Қайғылы жағдай бүгін, 3 қарашада Ақтөбе қаласындағы Неке сарайында болған. Ақтөбе облыстық полициясы ақпаратты растады.
Астана, NEGE. Полицейлер оқиға орнына жеткенде пышақ жарақатын алған 26 жастағы әйел еденде қансырап жатқан. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған.
Куәгерлердің айтуынша, әйел неке сарайына қазіргі сүйіктісімен барған. Марқұмның бұрынғы күйеуі басты күдікті болып отыр.
Оқиғаға дейін марқұм мен бұрынғы күйеуінің арасында жанжал шыққан. Куәгерлердің болжамынша, ер адам әйелінің басқа адаммен қарым-қатынаста болғанына қарсы болған. Сондай-ақ марқұмның артында балалары қалғаны айтылады.
Полицейлер адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктіні ізін суытпай анықтап, ұстады. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп мәлімдеді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әсет Қалиев.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын, сондай-ақ қылмыстың себептері мен салдарын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.