27 Қыркүйек 05:56
...

Ақтөбеде кәсіпкердің баласы мас күйінде көлік жүргізгені үшін 15 тәулікке қамалды

Мас жүргізуші
Фото: Полиция

Ақтөбедегі қоғамдық тасымалдау компаниясы иесінің баласы Б.Сагидуллаев мас күйінде көлік жүргізіп, жол ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Ол 15 тәулікке қамалып, көлік жүргізу құқығынан 7 жылға айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы, NEGE. Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Бекжан Сагидуллаевқа қатысты екі іс қаралды.

Біріншісі — Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігі. Яғни, жүргізушінің көлік құралын алкоголь, есірткіге және (немесе) уытқұмарлық мас күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкоголь, есірткіге және (немесе) уытқұмарлық мас күйдегі адамның басқаруына беру бабы.

Іс материалына сүйенсек, Б. Сагидуллаев 22 қыркүйек күні шамамен 04:12–де Ақтөбе қаласы Ә.Молдағұлова даңғылы «Пабло» мейрамханасына қарама қарсы жерде алкогольге мас күйінде көлік құралын басқарған.

Жауапкер сотта демалыс орнына таксимен келгенін, ал көлікті ағасы әкеліп тастағанын айтты. Ол көлікке отырған сәтте полиция қызметкерлерінің ұстап алғанын хабарлады.

Медициналық сараптама алғашында ештеңе көрсетпегенін, ал полиция инспекторымен қайта өткенде «ішімдік ішкен» деген қорытынды жасалғанын айтты.

Сотта психикалық белсенді зат пайдалану және мас болу фактісін анықтау үшін жасалған медициналық куәландырудың қорытындысы, құқықбұзушылық бейнеленген бейнежазба көрсетілді.

Онда «Lexus LX 600» көлігімен екі бағытты төрт немесе одан да көп жолағы бар жолға шыққаны, полиция қызметкерлері артынан қуып тоқтатқаны, көлік құралынан Б.Сагидуллаевтің шыққаны көрінеді. Медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес жеңіл дәрежедегі алкогольге мас күйде болғаны анықталған.

Сот қаулысымен Бекжан Сагидуллаев Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды және 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

Сонымен бірге Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 596-бабының 3-бөлімімен жазаланды.

Сот кабинетіндегі ашық ақпаратқа сүйенсек, алты жолағы бар екі жақты қозғалыстың жүру жолында қарсы бағытқа арналған жағына шығып жүргені белгілі болды.

Сот қаулысымен кінәлі деп танылып, тағы 6 ай мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айрылды.