Ақтөбеде канадалық тәсілмен жол салған басқарманың бұрынғы басшысы сотталды
Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Мәлімбет Ибрашов сотталды, деп хабарлайды Kazinform.
Алматы, NEGE. Оған Қылмыстық кодекстің «Лауазымдық өкілеттіліктерді теріс пайдалану» бабымен айып тағылды.
№2 қалалық сотында Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Мәлімбет Ибрашовқа қатысты іс қаралды. Іс материалына сүйенсек, ол 2019 жылдың шілде айында қызметке тағайындалады.
«Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру аясында Ақтөбе облысы әкімдігі ашық конкурс өткізіп, «Қобда-Мәртөк» тасжолының 30-52 шақырымы аралығын жөндеуді «Базис-К» ЖШС ұтып алады. Сол кезде басқарма басшысы М.Ибрашов пен «Базис-К» ЖШС-нің басшысы орташа жөндеу келісімшартына қол қояды.
Жоба құны – 649 554 835 теңге.
«Базис-К» ЖШС басшылығы келісімшартқа қол қойғанымен, құрылыс-монтаж жұмысын «ДосДанАй» ЖШС өз міндетіне алды. Компания директоры М. Есенов пен құрылтайшысы М. Манукян 2019-2020 жылдары аралығында жұмыс істеп, басқарма мен «Базис-К» ЖШС-нің арасына қажетті хаттаманы толтырып, ұсынады. Хаттамаға сол кездері жұмыс істеген бөлім басшысы Н. Нагиметов, бас маман Е. Елеусіз, «СейсмоСтройЗащита» компаниясының техникалық бақылаушысы Кантарбаев, учаске басшысы М.Есенов қол қойып, онда барлық жұмыс, нақтыласақ 22 шақырым жол жөнделгені жазылған.
Ал шын мәнінде мұнда 18 шақырым жол ғана жөнделді. Нәтижесінде 4 шақырым жерге орташа жөндеу жұмысы жүргізілмеген. Бірақ акт толтырып, жұмыс үшін 649 554 835 теңге ақша аударылды.
Шын мәнінде 70 401 633 теңгенің жұмысы атқарылмады. Құрылыс-экономикалық сот сараптамасының қорытындысына сүйенсек, шығын көлемі – 70 401 633 теңге.
Сот отырысы кезінде басқарма басшысы қызметін атқарған айыпталушы Мәлімбет Ибрашов кәнісін мойындамады.
– Сот үкімімен Мәлімбет Ибрашов Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы негізінде айыпты деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Мемлекеттік қызметте басшылық лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айырылсын. Жазасын өтеу орны қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі төмен мекемесі деп белгіленсін, - деп жазылған сот кабинетіндегі үкімде.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, Мәлімбет Ибрашов 2019-2021 жылдары аралығында Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы болды. Ол басшылық еткен тұста Ойыл ауданына канадалық тәсілмен жол салынып, сынға ілікті.