Ақтөбеде дәрігерді зорлап, денесіне 24 рет пышақ сұққан қылмыскерге сот үкімі шықты
Ақтөбеде дәрігер Мөлдір Томарованың пәтеріне балкон арқылы кіріп, оны зорлап, қылмысын жасыру үшін өлтіріп тастаған сотталушы 22 жылға бос бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Kazinform.
Алматы, NEGE. Ақтөбе медицина орталығының дәрігеріне қатысты іс жабық қаралады. Күдіктіге Қылмыстық кодекстің төрт бабы бойынша айып тағылды. Олар: «Тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу»,«Зорлау», «Адам өлтіру», «Құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің өміріне қолсұғушылық» баптары.
Судья Нұрлан Бақтығалиев төрт бап бойынша түпкілікті 22 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сотталушы жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейді.
– Сот сотталушының кінәсі толық дәлелденді деп есептейді. Қылмысты жасыру үшін Тормарованы қасақана өлтірген. Күш қолданып, зорлаған. Тұрғынжайға түнде кірген. Оқиға орнынан балкон арқылы қашып шығып, полиция қызметкерін жарақаттап, қашып кеткен. Сотта толығымен дәлелденді. Ол пәтерге кіргенін, пышақтап өлтіргенін мойындап отыр. 2017 жылдан бастап таныстықтары басталған. Осы кезге дейін танысып, сөйлесіп жүрген. Соңғы кездері Томарова қашқақтай бастаған, сыйлықтарын қайтарып берген. Тоқтатпаған соң полицияға арыз жазып, қорғау нұсқамасы берілген. Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 461 бабы бойынша жауапқа тартылған. Бұл жерде сот дайындалып барды деген айыпты негізді деп таныды. Түнгі уақытта, сағат 4:00-де ешкім болмағанын күтіп барған. Арнайы саты апарған, өз көлігімен емес, басқа көлік жалдаған. Ішке кіріп, зорлап, соны жасыру үшін өлтірген. Сот бұрын сотталмағанын ескерді. Ауырлататын мән-жай анықталмады, - деді судья Нұрлан Бақтығалиев.
Сотталушы үкім оқылған соң апелляциялық шағым түсіретінін айтты. Қаза болған Томарованың әкесі жаза жеңіл деп отыр.
– Қызыммен түнде сөйлесіп, ол ауылға қайтатынын, пойыздан күтіп алуымды сұрады. Таңда бақилық болғанын естідім. Сот үкіміне көңілім толмады. Мен өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұрадым. Аса ауыр қылмыс жасап отыр. 24 рет пышақтаған. Кешірім бермедік. Ең кем дегенде 25 жыл беруі керек еді, - деді қайтыс болған дәрігердің әкесі Қалдыбай Томаров.
Сотталушының қорғаушысы Гүлнара Өтеуова көп мән-жай назардан тыс қалғанын, тергеу кезінде көрсетілмегенін айтып, апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді. Сот жәбірленуші тараптың азаматтық талап арызын қанағаттандырды. Сотталушыдан 20 млн теңге моральдық, 800 мың теңге заң көмегінің шығыны, 1,2 млн теңге материалдық шығын өндіріледі.
Айта кетейік, қылмыстық істе зорлау бабы бойынша айып тағылған соң Қылмыстық процестік кодекс нормасына сай іс жабық қаралады.
Еске салсақ, биыл көктемде Ақтөбе қаласында Ақтөбе медицина орталығының дәрігерін өлтіріп кетті. Кейін күдікті полицияға қарсылық көрсетіп, қашты. Сол кезде көлік аударылып қалғанымен, күдікті тергеу изоляторына жеткізілді.