22 Мамыр 04:00
...

Ақтөбеде әскери қызметші боди массаж жасайтын әйелді қорқытып, табысының жартысын алып отырған

Сот үкімі
Фото: ғаламтордан

ҚР Ұлттық Ұланы 6655 әскери бөлімі әскери полиция қызметінің аға анықтаушысы Темур Касымкуловқа қатысты іс Қылмыстық кодекстің «Қорқытып алу» бабы бойынша қаралды.

Алматы, NEGE. Іс материалына сүйенсек, Темур Касымкулов 2019 жылы Ақтөбе қаласы полиция басқармасы Астана ауданы № 1 қалалық полиция бөлімі анықтау бөлімшесінің бастығы лауазымына тағайындалған.

2022 жылғы қазанда ҚР Ұлттық ұлан қолбасшылығының қарамағына жіберілген. Онда әскери полиция қызметінің аға анықтаушысы лауазымындағы тағайындалған.

2022 жылы Алматы облысының тумасы Ақтөбе қаласындағы жалдамалы пәтерлерде массаж және боди массаж қызметімен айналысқан. Ол үш танысымен бірге клиенттерді қабылдап, массаж, боди массаж қызметтерін көрсеткен. Сол жылы бірінің әмияны жоғалып, полицияға арыз түсіреді. Қылмыстық іс Т.Касымкулов басқарып отырған Астана ауданы № 1 ҚПБ-нің анықтау бөлімшесіне беріледі. Тергеу кезінде майор Т.Касымкулов боди массаж қызметімен айналысып жүрген А.Абдыкасымованы полиция бөліміне жеткізген. Т.Касымкулов сол кезде пайда табуды көздеп, жәбірленушінің жеке басы және жақындары туралы мәліметтерді заңсыз жинаған. Кейін мәліметтерді таратып масқаралайтынын немесе жезөкшелер есебіне тіркеп қоятынын айтып қорқытып, боди массаж қызметінінен түскен пайданың бір бөлігін беріп отыруға көндірген.

Тіпті сотталушы Т.Касымкулов өзінің бірнеше танысын А.Абдыкасымованы күзетуге бекіткен. Олар жалға берілетін пәтерлерге барып, боди массаж қабылдаған клиенттердің әрқайсысынан түскен қаржының тиісті бөлігін алып отырған. Сөйтіп бірінші ақшаны 2022 жылы шілде айында алады. Сол жылы күзде сотталушы Т.Касымкулов қылмыстық әрекеттерінiң қоғамға қауiптi екенiн ұғынып, жұрт біліп қояды деп ойлап, жәбірленуші А.Абдыкасымоваға өз атына тіркелген пәтерін ұсынған. 2022 жылдың 22 қазанында Т.Касымкулов 6655 әскери бөлімі әскери полиция қызметінің аға анықтаушысы лауазымына тағайындалғанына қарамастан А.Абдыкасымованы қорқытып, ақша талап ету қылмыстық әрекеттерін жалғастырған. Нәтижесінде 2022 жылдың 7 шілдесі мен 2024 жылдың 4 ақпаны аралығында барлығы 1 462 500 теңге ақша алған.

Сотталушы Т. Е. Касымкулов тағылған айыпты мойындамады. Ол әмиян ұрлығы ісінде куә ретінде тіркелген А.Абдыкасымоваға «балам ауырып жатыр» деген соң 200 мың теңге, кейін 130 мың теңге аударғанын айтты. Жалдамалы пәтерде тұратынын айтқанда өз баспанасын уақытша бергенін, ал өз есепшотына түскен қаржыны алажақ ақшасы деп түсіндірді.

Сот кабинетіндегі материалға сүйенсек, Темур Касымкулов Қылмыстық кодекстің 194-бабы бірінші бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 2 жыл бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Жәбірленуші А.Абдыкасымованың азаматтық талап арызы ішінара қанағаттандырылып, 1 млн теңге моральдық зиян өндіріледі. Т.Касымкулов майор әскери атағынан айырылды. Сот үкімі әзірше күшіне енген жоқ, бүгін апелляциялық шағым түсті.