24 Ақпан 16:35
...

Ақтөбе облысында 150 орындық оңалту орталығы салынады

Фото:

Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаттығына «AMANAT» партиясынан үміткерлер Айгүл Дүйсенова, Гүлмирам Сражова, Шахан Жолдасбаев ерекше мұқтаж жандармен кездесті. Олар партияның сайлауалды бағдарламасына жан-жақты тоқталып, мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай жағдай жасалатынын айтып берді.

Ақтөбе, NEGE. — Ерекше қажеттіліктері бар адамдар қоғамдық ортада өздерін ыңғайсыз сезінбеуі керек. Бүгінде әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының 59,8 пайызы бейімделмеген, мектептердің 15 пайызында және мемлекеттік балабақшалардың 36 пайызында инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалмаған. «АМАNАТ» партиясы «Кедергісіз келешек» жобасын жүзеге асыру аясында әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу және ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін инфрақұрылымды жақсарту жұмыстарын жалғастырады, — деп атап өтті Гүлмирам Сражева.

Айгүл Дүйсенова ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өмірін жақсарту мақсатында партияның қолға алатын шараларына тоқталып өтті.

— Ол үшін біз Ақтөбеде 150 орындық ерекше қажеттіліктері бар адамдарды оңалту орталығын, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешенін, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған арнайы түзету балабақшасын салуға бюджет қаражатын қарастырамыз. Сондай-ақ «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында 700-ден астам инфрақұрылымдық нысанды бейімдеу мәселесі бақылауға алынып, «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы шеңберінде 2 мың ардагерге, тыл еңбеккерлеріне, жалғызбасты қарттарға әлеуметтік көмек көрсетіледі. Нәтижесінде ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін жайлы, қолайлы және кедергісіз орта жасақталады, — деді үміткер.

Кездесуге қатысушылар үміткерлерге өз сауалдарын қойып, өңірдегі экологиялық мәселелерді көтерді.

Үміткерлер «АМАNАТ» партиясы өңірдің экологиялық мәселелері жүйелі түрде шешілетінін айтты. Партия Ақтөбе хром қосындылары зауытының технологиялық жабдықтарының шаң-газ тазарту қондырғыларын қайта құруға және Ақтөбе ферроқорытпа зауытының газ-тазарту құрылыстарын жаңғыртуға қол жеткізеді. Ақтөбе қаласында кәріз суларын тазарту құрылыстарын салу бойынша шаралар қабылданады, 6 қатты тұрмыстық заттар полигоны құрылысын салуға атсалысып, жыл сайын кемінде 1 миллион ағаш отырғызуды қамтамасыз етеді.

Қабылданған шаралар 2027 жылдың соңына қарай атмосфераны ластаушы заттардың жалпы шығарындыларын 254 мың тоннаға дейін қысқартуға және қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу мен көму үлесін 30 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Кездесу соңында кандидаттар жиынға қатысушыларға «АМАNАТ» партиясының сайлауалды бағдарламасы жазылған үгіт-насихат парақшаларын таратты.

 

Ақтөбе облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «AMANAT» партиясы сайлау қорының қаражатынан төленді.

Тегтер: