28 Ақпан 16:03
...

«Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мамунов ұсталды»

Фото:

«Кеше Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Руслан Мамунов пара алып жатқан жерінен ұсталды. Оны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлері құрықтаған» деп хабарлады ақпарат көзі.

Редакцияға хабарласқан оқырманымыздың айтуынша, Р.Мамунов Қостанай қаласының бұрынғы әкімі Ахметбек Ахмеджановтың әйелінен пара алып жатқан жерінде қолға түскен.

Естеріңізде болса, Ахметбеков 2015 жылы «аса ірі көлемде пара алды» деген күдікпен ұсталып, 2016 жылы сәуірде Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша 13 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

«Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Руслан Мамунов А.Ахметжановтың жаза мерзімін қысқартып, түрмеден босатуға септеспек болған және сол үшін Ахметжановтың әйелінен пара алған» дейді дерек көзі.

Ақтөбе облысы әкімдігінің ресми сайтында Руслан Мамуновтың лауазымдық қызметтеріне экономика және бюджеттік жоспарлау, жобалық басқару, мемлекеттік сатып алу сияқты маңызды салалар кіретіні жазылған.

aktobe.gov.kz

Р.Мамунов өткен жылдың 14 желтоқсанында ғана Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің орынбасары болып тағайындалған. Қырық жастағы Мамуновтың мамандығы – экономист. Казпотребсоюз университетін, Қазақ гуманитарлық университетін және Шотландиядағы Эдинбург менеджмент және маркетинг мектебін бітірген.  

Тілшіміз мәселенің мән-жайын білмекке Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғани Жапишовқа хабарласты. Баспасөз хатшысы бұған қатысты былай деді: «Мен өзім іссапардан келдім. Жаңа ғана баспасөз қызметіндегі қыздарға хабарласып, ақпарат сұраған екенсіздер. Ол кісіні (әкімнің орынбасары Р.Мамуновты – ред) мен де сұрастырып едім, «Нұр-Сұлтанда іссапарда жүр» деген жауап алдым. «Ұсталды» деген жалған болуы мүмкін. Бұл туралы ештеңе айта алмаймын».

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де әзірге бұл іске қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Агенттіктің баспасөз қызметі тілшімізге "бізге ондай ақпарат түспеді" деп жауап берді.      

Тегтер: