Ақтөбе облысында тоғыз күн ішінде «Қазхромның» екінші жұмысшысы қаза тапты
Ақтөбе облысының Хромтау ауданында «Қазхром» компаниясына қарасты шахтада жұмысшы қаза тапты. Бұл – Дөң тау-кен байыту комбинатында соңғы тоғыз күн ішінде болған екінші адам өлімі.
Астана, NEGE. Қайғылы оқиға 29 қазанда ERG құрамындағы «Қазхром» компаниясының Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы шахтасында болған.
Компанияның мәліметінше, тау-кен жұмысшысы вагондарды тіркеу кезінде жарақат алған. Ол шұғыл түрде Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілген. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
«Қазхром» марқұмның отбасына көңіл айтып, жақындарына қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Оқиға туралы тиісті мемлекеттік органдарға хабарланған. Жұмысшы өлімінің себебін анықтау үшін Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы өкілдері қатысатын арнайы комиссия құрылады.
Еске салайық, 20 қазанда осы Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты «Болашақ» шахтасында да қайғылы жағдай болған.
Кеншілер шахта ішінде қорғаныш тіректерін орнатып жатқанда тау жынысы опырылып, жұмысшыны басып қалған. Ол алған жарақатынан көз жұмған.