15 Наурыз 13:20
...

Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің делегациясы ИНТЕРПОЛдың штаб-пәтеріне барды

Активтерді қайтару жөніндегі комитет
Фото: gov.kz

Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті мен ИНТЕРПОЛдың қазақстандық бюросы арасында қол қойылған Ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру шеңберінде Комитет делегациясы осы ұйымның Лион қаласындағы (Франция) штаб-пәтеріне барды.

Алматы, NEGE. Сапар аясында Жаһандық ақпараттық-ағартушылық қызмет және өңірлік қолдау басқармасының басшысы Абдулазиз Обайдалла мырзамен, сондай-ақ Қаржылық қылмыстарға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес орталығының (IFCACC) басшысы Теос Бадеге мырзамен екі жақты кездесулер өтті.

ИНТЕРПОЛ өкілдерімен өзекті мәселелер талқыланып, активтерді қайтару саласында тәжірибе алмасу үшін оқу іс-шаралары мен іссапарлық миссияларды ұйымдастыру, қаржылық қылмыстарға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасаудағы күш-жігерді нығайтуға бағытталған шаралар жоспарланды.

ИНТЕРПОЛ Бас Хатшылығының қызметкерлері жаңа «Күміс хабарламамен», сондай-ақ Қаржылық қылмыстарға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес орталығының (IFCACC), криминалдық талдау бөлімшесінің және командалық-үйлестіру орталығының цифрлық және жедел мүмкіндіктерімен таныстырды.

Тараптар ИНТЕРПОЛ-дың әлеуетін Қазақстанның шегінен тысқары шығарылған заңсыз иемденілген активтерді іздеу, тыйым салу, тәркілеу және қайтару үшін пайдалану туралы келісімге келді.

Комитет төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков ИНТЕРПОЛ Бас Хатшылығының өкілдеріне шақыру үшін алғыс білдіріп, 196 мемлекетті біріктіретін әлемдегі ең ірі құқық қорғау ұйымымен ынтымақтастық Қазақстанның активтерді іздеу және қайтару мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті.