5 Қараша 12:19

Актер Сағызбай Қарабалин апталығы өтті

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
Фото: Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры

Табиғи талант, ғибратты ғұмыр иесі Ғ.Мүсірепов театрында 20 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді.

Алматы, NEGE. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Алматы қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасы қолдауымен 29 қазан мен 3 қараша күндері аралығында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Құрмет орденінің иегері, театр және кино актері Сағызбай Қарабалиннің 70 жас мерейтойына арналған шығармашылық апталық өтті.

Ол Э. Де Филиппоның «Цилиндрында» Аттилио, Ф.Шиллердің «Махаббат пен ғадауатында» - Миллер, Ш.Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбетінде» – Орган қарт, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысында» – Науан хазірет, У.Шекспирдің «Король Лирінде» – Лир, В.Дельмардың «Баянсыз бағында» – Купер Барклей, І.Жансүгіровтың «Құлагерінде» – Күреңбай, Г.Горинның «Ұмытыңдар онысында» – Тиссаферн сынды бейнелерді сомдаса, режиссер ретінде Е.Елубаевтың «Асарын», Р.Ыбыраеваның «Ғажайып қобдишасын», С.Қасымбектің «Батыл көжектерін», Иран-Ғайыптың «Аждаһаның әлегін», Е.Аманшаевтың «Балконын», С.Балғабаевтың «Ең алғашқы жаңа жылын», Ю.Энтин мен В.Ливановтың «Бремен музыканттарын» Ғ.Мүсірепов театрының сахнасында кішкентай көрерменге арнап қойды.

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры

Қазіргі таңда Сағызбай Қарабалин тек балалар мен жасөспірімдер сахнасында ғана емес, өзге де театр төрінде өз өнерін паш етуде. Мәселен, бүгінде көпшілікке танымал Шам театрының репертуарындағы үздік қойылымдардың бірі әрі бірегейі «№37» спектаклінде, Алатау дәстүрлі өнер театрының репертуарындағы «Мәмлүк. Сұлтан Бейбарыс» қойылымында басты рөлде бой көрсетеді. Қай рөлді алса да оны аса ыждаһаттылықпен, байыппен, өзіне үлкен жауапкершілік ала отыра сомдауға кірісетін Сағызбай Қарабалин «Алпыстан асып барамын», «Первый отрицателный», «5.32», «Жат бауыр-2», «Жел тоқтаған жер», «Слово офицера», «Күй ғұмыр», «Жезтырнақ», «Сәке 2», «Ва банк», «Слепой эстошник», т.б. фильм және сериалдарда бой көрсетіп, қайталанбас образдары көгілдір экраннан көрсете білді.

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры

Өнерді өмірінің мәніне айналдырған актердің шығармашылық апталығы аясында артистің жоғары біліктілігін танытатын бірқатар қойылымдары әр түрлі театр төрінде сахналанды. Тарих беттерінде алтын әріптермен жазылатын апталыққа Алматы қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасы қолдау көрсетті. 

Атап айтсақ, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 29 қазан күні «Король Лир», 1 қараша күні «Құлагер» және 3 қараша күні «Баянсыз бақ» спектакльдері сахналанып, Жас сахна театрында 30 қазан күні «№37» спектаклі және 31-ші қазан күні «Мәмлүк. Сұлтан Бейбарыс» қойылымы көрермен назарына ұсынылды. Аталмыш апталықта өнер иесі сомдайтын спектакльдерден ғана емес, тарихта қалар ерекше сәттерден тұрды. Қараша айының 2-сі күні театр саңлағының шығармашылығы туралы жазылған «Бекзат болмыс иесі. Масадан корольге дейін...» (автор: Б.Әлкеева) зерттеу кітабының ресми тұсаукесер рәсімі өтті.

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры

Кітап авторы – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясындағы болашақ өнер иелеріне тәлім беріп жүрген оқытушы, театртанушы Бейбіт Әлкеева. Жаңа кітаптың тұсаукесерінде еліміздің мәдени саласының дамуына зор үлесін қосып жүрген театр майталмандары мен өнер иелері қатысып, пікір білдірді.  

Табиғи таланттың қазақ өнері мен мәдениетіне қосқан үлесін өлшеусіз екені көпшілікке мәлім. Театр сахнасында еңбек етіп, өнерді өрге сүйреп келе жатқан тұлғаны театр ұжымы шын құрметтеп, бағалайды. Шығармашылық құрамда Сағызбай Махметұлындай дарабоз тұлғаның болуы театр үшін ғана емес, қазақ халқы үшін біз үшін үлкен құрмет, зор мақтаныш.