Ақтауда шахматтан мектеп командалары арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр

Бұл ақпарды Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Алматы, NEGE. 18 жасқа дейінгілер арасындағы додада жеңіске үміткер ретінде әуел бастан-ақ Түркияның Istanbul ENKA High School өкілдері саналып, екі кезеңнен кейін олар қатарынан екі рет таза жеңіске қол жеткізді. Одан кейінгі орынға қазақстандық Республикалық физика-математика мектебінің шахматшылары орналасып, көшбасшылардан жарты ұпай ғана қалып қойды.
Үздік үштікті Үндістаннан келген мектеп оқушылары түйіндеді. Сондай-ақ үздік ондыққа Астана қаласының Республикалық физика-математика мектебінің және №71 мектептің командалары енді. 12 жасқа дейінгі санатта екі турдан кейін Павлодардағы дарынды балаларға арналған №8 лицейдің балалары көш бастап тұр, бұл ретте екінші айналымда жеребе оларды Өмірбек Жолдасбеков атындағы №9 Шымкент IT-лицейінің тағы бір қазақстандық командасымен кездестірді. Екінші орында - Үндістан құрамасы, одан кейін - Перу командасы.
Турнирге әлемнің 53 үш елінен барлығы 400-ге жуық оқушы қатысып жатыр. Қазақстан атынан алты қаланың – Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкент және Павлодар қалаларының 10 мектебі бар.
Айта кетейік, 4 тамызда, турнирдің ашылуы өтті. 18 жасқа дейінгілер арасында алғашқы жүрісті Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жасаса, 12 жасқа дейінгілер арасында алғашқы тақтадағы алғашқы жүрісті Қазақстан Шахмат федерациясы (ҚШФ) президенті Тимур Турлов жасады.
Мектеп командалары арасындағы шахматтан әлем чемпионаты 7 тамызға дейін жалғасады.