Ақтауда 5 мың адам ұлттық киім киіп, рекорд орнатты

«Best Fest Nauryz» фестиваліне 6 мыңға жуық адам қатысуға ниет білдірген. Бүгін олар теңіз жағалауына жиналып, «Қазақ ұлттық киімімен ең көп адам жиналысы» аталымы бойынша Гиннесс рекордын орнатты.
Алматы, NEGE. Қазақ халқының мәдени мұрасын әлемдік деңгейде насихаттауға облыс бойынша түрлі сала мамандары, этнос өкілдері, жастар мен қариялар да үлес қосты. Сондай-ақ, өзге өңірлердің тұрғындары да арнайы келіп, атсалысты.
— Мен осы шараға қатысу үшін Атырау қаласынан келдім. Егде жастағы қазақ әйелінің ұлттық киімін киіп, жаулығын тартып тұрмын. Өз басым тарихи сәтке куә болып, осы шараға атсалысып жатқаныма өте қуаныштымын, — дейді Атырау қаласының тұрғыны Жақсыгүл Қажбанова.
Шараға қатысушылардың басты мақсаты — қазақ ұлтын әлемге таныту. Ұлттық салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған аймақ тұрғындары бұл жолы бірлік пен татулықты паш етті.
Рекорд орнату рәсімі Каспий жағалауында өтті. Тіркеуден өткен қатысушылар арнайы жасақталған алаңға жиналып, Ұлыбританиядан келген Гиннесс рекордтар кітабының ресми өкілдері есеп жүргізді. Бірнеше сағатқа созылған санау нәтижесінде, қойылған талаптардың толық орындалғаны расталып, Қазақстанның жаңа әлемдік рекорд иесі атанғанын дәлелдейтін арнайы сертификат табысталды.
Осылайша, қазақтың ұлттық киімі Гиннесс рекордтар кітабына енді.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай бұл тарихи оқиғаның ұлтымыздың мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытудағы маңызын атап өтіп, жиналғандарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
— Ұлыстың ұлы күнінде тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Қазақ халқының терең тарихы мен бай мәдени мұрасын, ұлттық дәстүрімізді жер жаһанға паш еттік. Маңғаз Маңғыстауымызда қазақтың ұлттық киімінен әлемдік рекорд орнады. Осынау зор жетістікпенен барша отандастарымызды құттықтаймын! Қазақ халқының мәдениетін насихаттауға атсалысқан бастамашы топқа, Лондон қаласынан арнайы келген Гиннесс рекордтар кітабының өкілдеріне және рекорд орнатуға үлес қосқан барша қатысушыға алғысымды білдіремін! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Бурабайда өткен IV Ұлттық құрылтайда «Ұлттық бірегейлігімізді нығайту жолында Наурыз мейрамының орны айрықша екенін атап өтті. Президентіміздің бастамасымен Наурыз мерекесі туралы жаңа тұжырымдама әзірленді. Еліміз Ұлыстың ұлы күнін 14 наурыздан яғни Амал мерекесінен бастап 10 күн бойы атап өтуде. Күн менен түн теңеліп, Жер-Ана жаңа күйге еніп, тіршілік атаулы оянып, айнала мәре-сәре болатын Ұлыстың ұлы күні – жыл бастауы әз-Наурыз баршаңызға құтты болсын, ағайын! — деді Нұрдәулет Қилыбай.
Облыс әкіміне арнайы сертификатты табыстаған Гиннесс рекордтар кітабының ресми өкілі Ричард Стэннинг тамаша нәтижеге қол жеткізген қазақ халқын құттықтады.
— Құрметті қазақстандықтар, халқыңыздың басты мерекесі — Наурыз мейрамында рекорд жасадыңыздар. Бүгін қазақ елінің салт-дәстүрге берік екеніне, рухты, талғамы жоғары халық екеніне куә болдым. Шара да өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Тарихи оқиға жасауларыңызбен шын жүректен құттықтаймын! , — деді Ричард Стэннинг.