30 Желтоқсан 04:20
...
Ақтау маңындағы ұшақ апаты: Президент бір топ қазақстандықтарды марапаттады
Бүгін Әзербайжанның Azal әуе компаниясына тиесілі ұшақтың апатынан зардап шеккендерді құтқару барысында батылдық, кәсібилік және азаматтық жауапкершілік танытқан бірқатар қазақстандық Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен мемлекеттік марапаттарға ие болды.
Алматы, NEGE. Ақорданың баспасөз қызметі марапатталған азаматтардың толық тізімін жариялады.
Құрметке ие болғандардың қатарында Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері, медицина мамандары, полицейлер, «Маңғыстау өңірлік электротораптық компаниясы» АҚ жұмысшылары және Ақтау әуежайының қызметкерлері бар.
Мемлекеттік наградалар иегерлері:
- Маңғыстау облысы Полиция департаментінің криминалисі Айбек Әлібаев – Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
- Маңғыстау облысы ТЖД Басқұдық ауылы №12 өрт сөндіру бөлімінің командирі Серікболат Оңғар – Рақымжан Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері.
- Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасының орталық меңгерушісі Бақытжан Қойбеков – «Құрмет» орденімен марапатталды.
- «Ерлігі үшін» медалімен Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының фельдшері Тимур Қисаев, Апаттар медицинасы орталығының Маңғыстау облысы филиалының дәрігері Оспан Оразбеков, «Қазаэронавигация» РМК диспетчері Ярослав Толстиков, және электр желілері шебері Нұралы Шопанов марапатталды.
- Ақтау әуежайы қызмет бастығының орынбасары Бекболат Жұмағұлов пен сот сараптамалары орталығының маманы Эльдар Оразалиев «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды.
Сондай-ақ, 51 адамға Президенттің Алғысы жарияланды.
Еске сала кетейік, 25 желтоқсан күні Ақтау маңында Azerbaijan Airlines әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Ұшақ бортында 67 адам, соның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. Оқиға салдарынан 38 жолаушы қаза тапты, олардың арасында 6 Қазақстан азаматы бар.