12 Мамыр 13:22
...

АҚШ-та жұмыссыздар саны 33 жарым млн-ға жетті

Фото:

Коронавирус індетіне байланысты АҚШ экономикасы тоқырап, көптеген кәсіпорын жабылды, деп хабарлайды «Хабар 24». Осының нәтижесінде елдегі жұмыссыздар саны 33 жарым миллионға жетті.

Алматы, NEGE. Алайда мамыр айында да бұл үрдіс жалғасып, жұмыссыздық деңгейі әлі де өсетін түрі бар. АҚШ-тағы жұмыссыздық деңгейі – 14.7 процент. Алайда бұл дәл көрсеткіш емес. Біріншіден, ол 17 сәуірге дейінгі статистикалық мәліметке негізделген. Ал сол кезден бері елде тағы да 7 миллиондай жұмыс орны қысқарды. Сонымен қатар бұл көрсеткіш белгісіз бір себептермен жұмыссыздық бойынша жәрдемақыға тіркелмеген және жартылай жұмыспен қамтылған адамдарды ескермейді. Ал олардың саны 15 миллионға дейін жетуі мүмкін. Яғни АҚШ-тағы нақты жұмыссыздық деңгейі 25 процент құрауы ықтимал. Егер бұл рас болса, қазіргі жағдайды өткен ғасырдағы ұлы тоқыраумен салыстыруға болады.
АҚШ қаржы министрі Стивен Мнучин: "Экономикамызды қазір ашпасақ, бұл Америка қауымына үлкен нұқсан келтіреді. Біз жақсы ойластырылған жоспармен бұл шараға барамыз. Адамдар әлеуметтік арақашықтықты сақтап, жұмыстарына қауіпсіз оралуы үшін. Көптеген компания қашықтан жұмыс істей алатынын көріп тұрмыз. Олардың бәрі бір мезгілде кеңселеріне оралмауы тиіс" деді.

33 жарым миллион адам жұмыссыз қалды. Індеттен қонақ үйлер мен туризм, ағарту және медицина салалары ең ауыр зардап шеккен. Сондай-ақ қызмет көрсету мен сауда және өндіріс саласы да тоқырап қалды. Зауыттар мен фабрикалар тоқтап тұр. Ауыл шаруашылығы да көп шығынға ұшырайтын түрі бар. Қазір бұл салада 22 миллион адам жұмыс істейді.

Дональд Трамп әкімшілігі қосымша көмек бөлуге асықпай отыр. Президенттің экономикалық кеңесшісі Ларри Кудлоу мәселе маусым айында талқыланады дейді. Сол кезде кейбір штаттар кәсіпорындарын ашып, төленбейтін демалысқа жіберілген қызметкерлер жұмысына орала бастайды. Олардың үлесі қазір 80 процентке жуық. Яғни шағымданатындар қарасы қалың. Осы ретте билік наразылықтар сотқа дейін шешілсе, халыққа тиісті көмек көрсетілетінін алға тартты.

Еңбек құқығы саласының адвокаты Милана Достанич: "Нью-Йоркте шағын бизнес саласында жұмыс істесеңіз шағымдану қиын екенін білеміз. Еңбек департаментінде осындай шағымдар толып жатқандықтан, қашан шара қабылдайтынын белгісіз. Ал сотқа шағымдануға шектеу қойса, компаниялар тіпті қызметкерлерін қорғауға көңіл бөлмейді" деді.

  АҚШ-та биыл президенттік сайлау өтетін болғандықтан, коронавирусқа қарсы күрес пен халыққа көмек бөлудің саяси маңызы зор. Егер экономиканың ашылуы кезінде әлеуметтік ара қашықтық мен өзге шаралар мұқият сақталмаса, індеттің екінші толқыны басталуы мүмкін. Ал бұған АҚШ экономикасы шыдай ала ма?

Тегтер: