Ақшасыз қалған Үкімет. Қаржы министрлігінің құнды қағаздары НЕГЕ сатылмай жатыр?
Осы аптада Қаржы министрлігі өзі жоспарлаған 100 миллиард теңгелік облигацияны биржада орналастырып, бар-жоғы 569 миллион теңге тарта алды. Оның өзінде, облигацияларды Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ғана сатып алды. Бұл ортақ облигация құнының бар-жоғы 2,5 пайызы ғана. Үкімет мұндай жағдайға НЕГЕ тап болып отыр?
Қазақстан Қор биржасында мемлекеттік құнды қағаздардың дәл бұлай ешкімге қажетсіз болып қалуы – көптен бері кездеспеген құбылыс. Мысалы, 2021 жылы биржада жылдық сыйақысы 13 пайыздан жоғары мемлекеттік құнды қағаз (МҚҚ) пайда болса, нарықтағы инвесторлар дәл сол сәтте талап алары сөзсіз еді. Ол кезде МҚҚ-лар көп болса 9-10% кірістілік беріп тұрды.
Биыл неге кірістілігі 13 пайыздан жоғары МҚҚ-ларға ешкім қызықпайды? Оның басты себебі – базалық ставкада. Ұлттық Банк базалық ставканы 14 пайызға бірден көтерді. Әрі инвесторлар теңге құны бұдан былай тұрақты болады дегенге сенбейді. Ұлттық Банктің өзі жоғары инфляциялық күтілімдер бар екенін брифингте ескерткен болатын.
ҚР Ұлттық Банк төрағасы Ғалымжан Пірматов. Фото: ҚР Ұлттық Банкі баспасөз-қызметі
Үкімет қиын жағдайда қалып отыр. Биыл республикалық бюджет шығыстары 23,6 пайызға өспек. Тіпті пандемия жылдары бюджет шығыстары орташа есеппен 16,7% өсім көрсеткен еді. Мұның барлығы Ұлттық қорға ауыр тиіп жатыр. Мемлекеттің Ұлттық қордан басқа ақша алатын резерві жоқ. Сондықтан биыл, жалғыз қоржыннан бюджетке алынатын трансферт сомасы 4,6 трлн теңгеге дейін ұлғаятын болды.
Осы жерде Ұлттық қор трансфертінің бюджет дефицитін толық жаппайтынын ескеру қажет. Дефицит шамамен 8 триллион теңге десек, оның 4,6 триллион теңгесі Ұлттық қордан алынса, тағы 3,4 триллион теңге жыртық қалады. Оны негізінен Қаржы министрлігі МҚҚ-ларды сатып, жамауы тиіс еді. Бірақ МҚҚ-лар өздеріңіз байқап отырғандай, биржада сатылмай жатыр. Бұдан шығар жол – не сырттан қарыз алуды ұлғайту керек, не болмаса МҚҚ жылдық ставкасын кем дегенде 15 пайыз қылу керек. Екеуі де Үкімет үшін ауыр жүк.
-
Тақырыпқа орай: Министрі де, орынбасары да түк бітірмей, Қазақстанды шығынға батырған. Энергетика министрлігінің энергиясы НЕГЕ бітті?
«Алдағы 2-3 аптада мемлекеттік құнды қағаздар бойынша ешқандай сауда болмайды деп ойлаймын», – дейді Nege.kz шолушысымен сөйлескен қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов. Себебі, ставкалар қайта есептелетін болады.
«Мен Қаржы министрі болсам, тағы бір-екі ай күте тұрайық деген ұсыныс тастар едім. Себебі, инфляцияның қай межеге барып тоқтайтыны әлі белгісіз. Қазіргі 14 пайыздық қарыз болашақта ақша массасының артып, инфляцияның тағы да өршуіне алып келеді. Үкіметке Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алынған қарыздарды қайтару қажет болады»
Үкіметтің Ұлттық Банктің базалық ставканы өсіруін аса құптамай отырғаны да сондықтан. Бірақ Ұлттық Банк Үкіметтің көңіліне қарап отыра алмайды. Оған бой бермей жатқан инфляциямен күресу керек.
Бұдан шығар бір қортынды – жаз айларынан кейін Үкімет ішкі жыртығын жамай алмаса, онда осы күзде Ұлттық Қорға тағы да қол созуы мүмкін. Ол біз үшін өте қауіпті сценарий.