14 Маусым 08:46
...

Ақшаның иісі. Үкімет казиноларды НЕГЕ Қонаевтан көшіргісі келмейтіні белгілі болды

Фото:

Президенттің өзі пәрмен беріп, жуырда Алматы облысын екіге бөлді. Қапшағай қаласын «Қонаев» деп өзгертті. Алматы облысының шенділері артынып-тартынып Қонаевқа көшіп келіп жатыр. Бір қарағанда, бәрі дұрыс сияқты. Бірақ...

«Алматы облысының орталығы Қонаев қаласы болады» дегенді естігенде-ақ «Казиноларды қайтпек керек?» деген сұрақ көкейде тұрды. Жауап алмақ үшін құзырлы органдарға ресми сауалдарды бірінен соң бірін жолдадық.

Мәселен, кешегі брифингте Nege тілшісі Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровқа казиноға қатысты сауал қойды. Қуантыровтың қатырып жауап беретініне зор күмәніміз болған, күмәніміз бекер емес екен. «Бұл әлі де талқылауға жататын сұрақ», – деп құтылды Қуантыров.

Казино мәселесіне қатысты өткен аптада Мәдениет және спорт министрі дәурен Абаевтың атына да ресми сауал жолданған. Кеше түс қайта поштамызға жауап келді. Жауаптың иесі – Мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары М.Төлебаев.

«Ойын аймақтарының аумағын өзгерту жөніндегі шешім қолданыстағы «Ойын бизнесі туралы» Заңына (бұдан әрі – Заң) тиісті түзетулер енгізуді талап етеді.

Бүгінгі күні Заңның 11-бабы 1-тармағында «Казино, ойын автоматтары залдары, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар (букмекерлік кеңселердің және (немесе) тотализаторлардың кассалары) Алматы облысында Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Бурабай ауданында жергілікті атқарушы органдар айқындайтын аумақтар шегінде орналастырылуға жатады» делінген.

Сонымен қатар, аталған норманың екінші бөлігіне сәйкес казиноны, ойын автоматтары залдарын, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды (букмекерлік кеңселердің және (немесе) тотализаторлардың кассаларын) орналастыруға арналған аумақтардың шекараларын жергілікті атқарушы органдар уәкілетті органмен, яғни Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігімен келісу бойынша айқындайды.

Фото: ғаламтордан.

Бұл ретте, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау қажет болатын жағдайларды, сондай-ақ тарихи-мәдени мұра объектілерінің жойылу және бүліну қатері төнген, қорғаныс мұқтаждары мен елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайларын қоспағанда, жергілікті атқарушы органдардың казиноны, ойын автоматтары залдарын, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды (букмекерлік кеңселердің және (немесе) тотализаторлардың кассаларын) орналастыруға арналған аумақтардың шекараларын өзгертуіне тыйым салынады.

Осылайша, Заң құмар ойын аймақтарының шекараларын, олардың орналасқан жерін өзгерту жағдайлары мен шарттарын нақты реттейді.

Осы ретте атап өтетін жәйт, қазіргі уақытта Алматы облысындағы ойын аймағының локациясын өзгерту мәселесі Үкіметтің күн тәртібінде тұрған жоқ.

Тұтастай алғанда, Қапшағай қаласы атауының өзгеруіне байланысты ойын мекемелерін көшіру мәселесі кешенді сипатқа ие, құқықтық және экономикалық орындылығы тұрғысынан, оның ішінде жұртшылық пен ойын бизнесі қоғамдастығының ұстанымдарын ескере отырып, жан-жақты зерттеуді талап етеді.

Фото: gov.kz

Мәселен, тиісті құмар ойын аймағында бүгінгі таңда жұмыс істейтіндерді де атап өткен маңызды, яғни Алматы облысының Қонаев қаласындағы (бұрынғы Қапшағай қаласы) 6 казино облыстың ірі салық төлеушілерінің бірі болып табылады және тұрақты жұмыс орындарын құруда.

Анықтама ретінде:

Берілген лицензиялар тізіліміне сәйкес бүгінгі күні казино қызметімен айналысу құқығына қолданыстағы 7 лицензия бар, олардың 6-уы Алматы облысының Қонаев қаласында (Қапшағай қаласында) және 1-еуі Ақмола облысының Бурабай ауданында тіркелген.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша 2021 жылы казино бюджетке 8,3 млрд теңге салық аударымдарын төлеген.

Қонаев қаласы әкімдігінің деректері бойынша Конаев қаласында орналасқан казинодағы қызметкерлердің жалпы саны шамамен 2,5 мың адамды құрайды.

Сондықтан, осы казиноларды еліміздің басқа аймақтарының біріне көшірген жағдайда қазіргі уақытта орналасқан аймақтың бюджетіне түсетін түсімдердің едәуір қысқаруына алып келеді және осы салада жұмыс істейтін (жұмысқа орналасқан) адамдарды, оның ішінде жергілікті тұрғындар арасынан жаппай жұмыстан шығаруға байланысты қоғамдық резонанс қаупін тудыруы мүмкін».

Қысқасы, жылына 8 млрд теңгеден астам салық төлеп, шамамен 2,5 мың адамды жұмыспен қамтып отырған казиноларды Үкімет жылы орнынан қозғағысы келмейтін сыңайлы. Өйткені салық түсімінен айырылудан және жұмыссыз қалатын мыңдаған адамның наразылығынан қорқады. «Қонаевтың казинолары» деген сүйкімсіз атау да кедергі емес.

М.Сұлтанғазиев. Фото: tengrinews.kz

Ақорданың не себепті Алматы облысына Марат Сұлтанғазиевті әкелгені енді түсінікті болғандай. Сұлтанғазиев – салықты есептеудің кәнігі маманы. Мемлекеттік кірістер комитетін басқарды, Қаржы вице-министрі болды. Енді ол казинодан түсетін салықты да тиын-тебеніне дейін санап алып отырмақ. Анығында, Ақорда солай деп есептейтін болса керек.

Егер казинолар көшпесе, олардың қожайындарынан бөлек, бүтін бір облыстың бюджетін ұстағандардың да Құдайы берейін деп тұр: күндіз – кеңседе, түнде – казинода...

Тегтер: