15 Желтоқсан 09:20
...

«Ақшадан өлдіңдер ме?»: Блогер Алексей Лодочников әншілерге шүйлікті

instagram/lodochnikov_official_page
Фото: instagram/lodochnikov_official_page

Блогер, «Жұлдыз болуға бір қадам» жобасының авторы Алексей Лодочников ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен қосылып ән айту үшін миллиондап ақша сұраған әртістер мен медиа тұлғаларды сынға алып, оларды әлеуметтік жауапкершіліктен жалтарды деп айыптады.

Астана, NEGE. Блогердің әншілер мен танымал тұлғаларға бағытталған видео-үндеуі Instagram-дағы жеке парақшасында жарияланды. Блогер көптеген әртістен «Жұлдыз болғым келеді» республикалық вокалдық байқауына балалармен бірге қатысып, қолдау білдіруін сұраған. Алайда медиа тұлғалардың әлеуметтік жобаға миллиондап қаржы сұрауы оның ашуын келтірген.

«Көбінен финалдық кезеңге қатысуын сұрап, ақысын төлеуге дайын екенімді, бірақ гонорарын толық төлей алмайтынымды, ондай ақшам жоқ екенін айттым. "Балалар үйіндегі балаларға қолдау көрсетіңіздерші, жұлдыздармен бір сахнада өнер көрсетсе, олар риза болып қалады", дедім. Ондағы балалардың көбі жұлдыздармен кездесуді армандайтынын білемін. Мұның әлеуметтік қайырымдылық жоба екенін айтқан күннің өзінде ешкім оған селт ете қойған жоқ, керісінше қомақты қаржы сұрады.

Онда тым құрығанда он секундтық видео-сәлемдеме жолдауын өтіндім. Маған "бұл 500 мың теңге тұрады", "бір миллион тұрады", "мынандай әртістен видео жолдау 1,5 миллион тұрады" деген жауаптар келді. Ол әртістердің атын атап, түсін түстеп жатпаймын. Осы тұста оларға жерге түсіңдерші дегің келеді, әсіресе жас әртістерге. Жас әртістерге жазған себебім, балалар соларды тыңдайды. Балаларға арнап тым құрығанда 5 секундтық видео-сәлемдеме жолдасаңыздар, олар риза болып қалар еді. Қайдағы 500 мың, қайдағы миллион? Бір ән жаздыңдар болды, жұлдыз болып шыға келдіңдер ме?», – дейді ол.

Осы тұста блогер әртістердің әлеуметтік жауапкершіліктен жұрдай екенін сынға алып, оларға бойкот жариялауға үндейді.

«Әлеуметтік жауапкершіліктерің қайда? Видео-сәлемдеме жазып, жолдау қиын ба? Досыма, әріптесіме емес, балалар үйіндегі балаларға сұрап отырмын. Видео жолдаудың өзі миллион, бір жарым миллион. Міне, осындай әншілерге бойкот жариялау керек! Осы жоба барысында әртістердің әлеуметтік жауапкершілігі жоқ екеніне көзім жетті. Айтарға сөзім жоқ. Жерге түсіңдер. Ұяттарың бар ма, ақшадан өлдіңдер ме?», – дейді Алексей Лодочников.

Блогер бір-екі ән шығарып, жарты жылдан кейін жұрт ондай әнші барын ұмытып кеткендердің өзі миллиондап қаржы сұрайтынына күйінеді.