11 Наурыз 12:00
...

«Ақша керек емес». Олигарх Нұрлан Смағұлов қор биржасынан НЕГЕ кетті?

Смагулов
Фото: Фото: Nege.kz

«Мега» ойын-сауық орталықтарын басқаратын Mega Center Management акционерлік қоғамы Қазақстан қор биржасындағы 8 жылдық ғұмырына нүкте қойды. Бұл шынымен де қаржы тарту қажеттілігінің азайғанынан ба, әлде басқа себептері бар ма?

Биржадан кету – делистинг деп аталады. Соңғы уақытта отандық олигархтар арасында делистинг сәнге айналып барады. Олар өз компанияларын биржадан шығаруға асыға бастады.

Мұның бір себебі бар. Биржада тіркелген компания өзінің барлық акционерлік шешімдері мен қаржылық есептілігін, түпкі қожайындарын ашық жариялауы керек. Олардың компаниясына қатысты биржа сайтында жарияланған жаңа мәліметтер ұдайы БАҚ өкілдерінің назарына ілігіп жүр. Салық реформасы аясында ірі бизнеске жүктеме мен назар көбейе бастағандықтан, қазір олигархтар мүмкіндігінше тыныш отырғанды қалайды.

Смагулов
Фото: Nege.kz

Нұрлан Смағұловтың Mega Center Management компаниясы облигациялар сатып, қаржы тарту мақсатында 2017 жылы Қазақстан қор биржасына тіркелген болатын. Биыл өзінің биржадан кетуін «компанияда ресурс жеткілікті» түсіндірді.

«Бизнестің ұзақ мерзімді мүддесі жаңа инвесторлар тартуды және IPO-ға шығуды көздемейді. Себебі компания өзінің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыруға жеткілікті қаржылық және операциялық ресурстарға ие. Осыны ескере отырып, Mega Center Management акцияларды биржа тізімінен алып тастау туралы шешім қабылдады», – делінген компания хабарламасында.

Mega Center Management-тің 2023 жылғы таза кірісі 14,2 миллиард теңгені көрсетсе, былтырғы жылдың 3 тоқсанындағы пайдасы 11,4 миллиард теңгеге жетті. Былтырғы жылдың толық аудиттелген есебі әлі шыққан жоқ. Бірақ кірістің кемінде 14 миллиард теңге болатыны анық.

Отчет
Фото: "Mega Center Management" АҚ 2023 жылғы шоғырландырылған қаржылық есептілігінен. Аудитор: PWC

2023 жылғы кірістен Нұрлан Смағұлов өзіне 1,6 миллиард теңгені аударып алды. Алайда, түрлі бағыттағы бизнестің дамуына қаржы керек болғандықтан, пайданың басым бөлігін компанияда қалдырды. Мега ойын-сауық орталығы «Халық банкінен» алынған кредит бойынша кепілде тұрған болатын және Нұрлан Еркебұланұлы былтыр жазда ол қарыздың 13,3 миллиард теңгесін өтеуі тиіс еді.

Осының барлығын біз аудиттелген есептіліктен көріп келдік. Енді Mega Center Management биржадан кетіп қалғандықтан, Нұрлан Смағұлов өзінің қаржылық есебін еш жерде жарияламауға мүмкіндік алады. Сондықтан 2024 жылғы компания есебін көрмеуіміз де мүмкін.