АҚШ-тағы сайлау: Дональд Трамп пен Камала Харрис шешуші дебатқа шығады
Ертең Астана уақытымен таңғы 06:00-де АҚШ президенттігіне кандидаттар Дональд Трамп пен Камала Харрис дебатқа шығады. Сарапшылардың айтуынша, осы дебатта кім жеңсе, сол президент болып сайлануы мүмкін.
ABC News телеарнасының студиясында өтетін дебатқа екі тарап та мұқият дайындалып отыр. Демократтар өз кандидаты Камала Харристің жалпыхалықтық дебатта тәжірибесінің жоқтығына алаңдайды. Аузына сөз түспей, жеңіліп қала ма деп уайымдайды. Ал республикалықтар Дональд Траптың қызуқандылығынан секемденеді. Сызып берген жоспардан ауытқып, эмоциясына ие бола алмай жеке басқа тиісіп кете ме дейді.
Дебаттың басқа қалада емес, Пенсильвания штатының ірі қаласы Филадельфияда өтуінің де себебі бар. Өйткені дәл осы штатта кандидаттар бірін-бірі ала алмай, итжығыс түсіп жатыр.
Дебат 90 минутқа созылады. Студияда көрермен болмайды. Тек екі жүргізуші мен кандидаттар ғана отырады. Дебаттың тәртібі бойынша кіріспе мәлімдеме жасалмайды, кандидаттар студияға шпаргалка алып кіре алмайды, штаб мүшелерімен сөйлесуге тыйым салынады. Кандидаттарға қаламсап, блокнот және бөтелкемен су беріледі. Қарсыласы сөйлеп жатқанда екінші тараптың микрофоны өшіріледі. Дәл осы талаппен Камала Харрис әрең келіскен сыңайлы. Өйткені қызуқанды Трамп оның сөзін қайта-қайта өрескел бұзып, өзін жағымсыз жағынан көрсетіп алады деп үміттенген. Одан бөлек өзі де Трамптың сөзін бөліп, жүйкесіне тиюді жоспарлаған болуы мүмкін. Бір қызығы Трамп микрофондарды 90 минут бойы қосып қоюға көнген, бірақ оның командасы бұған табандап қарсы болған көрінеді.
Камала Харристің мұндай дебаттарда тәжірибесі болмағанымен, оны «аузынан сөзі, үстінен бөзі түскен» дей алмаймыз. Харристің Калифорнияда бас прокурор болғанын ескерсек, Трамптан ыға қоймасы анық. Бірақ демократтардың бір уайымы бар: Харристің саяси науақанға дайындығы кемшін болды, ол әлі де Джо Байденге арналып жасалған бағдарлама бойынша жүріп келеді.
Ал республикалықтар «Трамп тәртіпті бұзып, шектен шықпаса екен, қарсыласының жеке басына тиіспесе екен» деп құдайдан тілеп отыр.
Сарапшылардың пікіріне құлақ түрсек, Дональд Трамп пен Камала Харрис жалпы есепте әзірге үзеңгі қағыстырып тең келе жатыр. Дәл осы дебаттан соң көрсеткіштері құбылып тұрған Пенсильвания штаты сайлаудың тағдырын түбегейлі шешіп кетуі әбден мүмкін.