АҚШ-тағы олигархия, Украинадағы соғыс һәм Қытаймен бәсеке: Байден соңғы сөзінде не айтты?
Кеше АҚШ президенті қызметінен кетіп бара жатқан Джо Байден соңғы сөзін айтып, халыққа үндеу жасады.
«Елде қанат жайған олигархия», «Қытаймен бәсекелестік» және Украинадағы соғысқа тоқталған ол Трамптың атын атамаса да, оның командасына тұспалдап сәттілік тілеуді ұмытпады.
Қараша айында 82 жасқа толған және 50 жылдан астам уақытын мемлекеттік қызметте өткізген Джо Байден өз сөзін Газа секторында атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізгенін айтудан бастады.
«Менің командамның 8 ай бойы жүргізген келіссөздерінің арқасында соғысты тоқтату қолымыздан келді», – деді ол.
Байден «Еркіндік мүсініне» тоқталып, АҚШ-тың жеткен жетістіктерін тізіп өтті. Байден өзінің президент болған кезеңінде «америкалық мүмкіндіктердің жаңа дәуірі» басталғанын айтты. Сөзіне дәлел ретінде инфрақұрылымды жаңғырту, дәрі-дәрмек бағасын арзандату, әрбір америкалық үшін қолжетімді жоғары жылдамдықты интернет және қылмыс деңгейі төмендеген көрсеткіштерін келтірді.
Сыртқы саясаттағы жетістіктерге тоқталған Байден Ресей туралы сөз етпеді. Есесіне, НАТО-ның ықпалын нығайтқанын баса айтты. Ал Украинаны «әлі де еркін ел» деп атады. «Украина әлі де еркін, ал Қытаймен бәсекелестік жолда біз оларды басып оздық», – деді Джо Байден.
Джо Байденнің пайымдауынша, олигархия АҚШ-тағы демократияға қауіп төндіре бастады. Бұл туралы былай деді: «Мені кейбір жайттар қатты алаңдатады. Билік бақуатты адамдардың қолына шоғырлана бастады».
Джо Байден АҚШ-тағы президенттік билік институтына да алаңдаушылық білдірді. Ол «бірде-бір президент қызметте болған кезде жасаған қылмысы үшін қудалаудан құтыла алмайтыны туралы» конституциялық норманы енгізуді ұсынды. «Президенттің билігі шексіз болмауы керек. Ол абсолютті емес», – деді ол.
АҚШ президенті қате түсініктер мен жалған ақпараттар туралы айта отырып, Дональд Трамптың кеңесшілері – әйгілі миллиардерлер Илон Маск пен Марк Цукербергті сөзбен түйреп өтті.
Бір қызығы, Джо Байден жаңадан сайланған президент Дональд Трамптың атын атамады. «Бірақ оның сөзінің нысанасынан нақты адресаты көрініп тұрды», – дейді сарапшылар.
Сөзінің соңын Джо Байден оптимистік нотада аяқтап, өзінің әлі де америкалықтарды біріктіретін идеяға сенетінін айтты. «50 жыл мемлекеттік қызметте жүрген саясаткер ретінде әлі күнге дейін ұлтымызды осы тұғырда ұстап тұрған идеяға сенетінімді мәлімдеймін. Енді бұл идеяны қорғау кезегі сізде. Әрқайсымыз осы отты өшіріп алмауды ойлайық», – деді ол.
Естеріңізге салайық, АҚШ-та 60-президент сайлауы былтыр 5 қарашада өткен еді. 20 қаңтарда Дональд Трамптың инаугурациясы өтеді, ол АҚШ-тың 45 және 47-президенті болмақ.
Ақберен Амангелді, журналист.