28 Маусым 00:13

АҚШ соты, алаяқтық, үкім: Құдалардың қулығынан халық қалай зардап шекті?

Сот
Фото: Коллаж NEGE

БТА Банк пен Алматы қалалық әкімдігі Мұхтар Әбләзов пен Виктор Храпуновтың сыбайласы – оларға БТА-да ұрланған ақшаны инвестициялауға көмектескен Феликс Саттерді АҚШ сотында ұтып алды.

Нью-Йорктің Оңтүстік аумағы бойынша АҚШ-тың Аймақтық сотының төрешісі Джон Г. Коелтл БТА Банк пен Алматы қалалық әкімдігінің пайдасына 32 млн доллардын астам қаржы кесіп берді. БТА Банктің баспасөз қызметі осылай деп хабарлады.

Тақырыпқа орай: АҚШ-та Мұхтар Әбләзов пен Ілияс Храпуновқа қатысты сот ісі қаралады

Сот үш аптаға созылды. Төрт еркек пен бес әйелден құралған сот алқасы банк пен әкімдіктің Феликса Саттердің, Bayrock Group Inc., Global Habitat Solutions және MeM Energy Partners LLC компанияларына қатысты талап-арыздарының барлығын қанағаттандырды. Іс бойынша БТА Банк пен Алматы әкімдігі Ф.Саттердің заңсыз іс-әрекетінен зардап шегуші деп танылған. Өтемақының жалпы сомасы 23 млн доллардан асып жығылды. Мұның ішінде өтемақы шығыны ретінде талап етілген сомадан асатын пайызы да бар.

Сот процесі кезінде Мұхтар Әбләзов пен Виктор Храпуновтың қызмет бабын асыра пайдаланып, банктен миллардтаған доллар жалған несие рәсімдегені, соның салдарынан Қазақстандағы көлемі жағынан үшінші банктің тақырға отырғаны дәлелденіпті. Бұл істің АҚШ-та қаралуына ҚР Әділет министрлігі септескен. Ал қала әкімдігі сот алдында бұрынғы әкім Виктор Храпуновтың қызмет бабын пайдалана отырып мемлекет жерін жекешелендіргені, ол жерлерді өзінің әйеліне және Мұхтар Әблязовке тиесілі компанияларға төмен бағаға сатқанын дәлелдеуге мүмкіндік алды. Құдалардың Алматы қаласына келтірген шығыны 300 млн доллардан асып түскен.

Талап арыздағы дәлел-дәйектерге қарағанда, Әбләзов пен Храпунов ұрлаған ақшаларын қосып, Ілияс Храпуновқа ұстатқан көрінеді. Ілияс – Виктор Храпуновтың ұлы әрі Мұхтар Әбләзовтің күйеубаласы. Сол кезде бар-жоғы 23 жаста болған Ілияс Храпунов жүздеген миллион доллар қаражатты «жуып-шаюға» басы жете қоймай, Феликс Саттердің көмегіне жүгінген ғой. «Іздегенге – сұраған» немесе «қуды қу табады» демекші, алаяқтықпен аты шыққан Саттер кіші Храпуновқа 40 млн доллар қаражатты АҚШ-тың қаржы жүйесіне жымдастырып жіберуге көмектескен көрінеді.

Сот
Фото: ғаламтордан

Сот тергеуі кезінде Саттер мен оның сыбайласы Мендель Мочкин әлгі ақшаның таза емес екенін, қылмыстық жолмен келгенін, Әбләзов пен Храпуновтың алаяқтық бабы бойынша істі болғанын біле тұра ол ақшаны инвестицияға айналдырғанын, әлеуметтік желідегі жалған аккаунттарды пайдаланып Англияның Жоғарғы сотын «жемқор» деп жалған айыптау арқылы Әбләзовтің тапсырмасын орындаған Питер Салхасқа көмектескенін мойындаған.

Осылайша сот алқасы «Саттер мен Мочкин ақшаның алаяқтық жолмен келгенін біле тұра заңдастырды» деген ұйғарымға келген. Сот процесі басталардан бірнеше сағат бұрын жауапкерлер Даниэль Ридлофф пен RRMI-DR LLC талап арызбен келісіп, Алматы әкімдігі мен БТА Банкке ұрланған ақшадан алғандарын толығымен қайтару туралы келісім жасасты. Жетінші жауапкер Ferrari Holdings LLC дефолт жағдайында тұр екен, бірақ әкімдік пен банк оларға қатысты да қарсы шешім шығартуға мүдделі.

Бұл сот процесі туралы адвокат Мэтью Л. Шварц: «Америкалық сот алқасы Мұхтар Әбләзов пен оның сыбайластарының БТА Банкке қарсы жасаған алаяқтық әрекетін кезекті рет дәлелдеп, әділ шешім шығарды. Сондай-ақ америкалық сот Виктор Храпуновтың алаяқтық жасағанын да бірінші рет дәлелдеп берді. Америкалық төрешілер жүйесі халықаралық әділ соттың алтын қазығы саналады. Біз сотқа бұлтартпас дәлел ұсынғанымызға, бұл істің банк пен әкімдік пайдасына шешілгеніне және Феликс Саттерге айып санкциясы салынғанына бек разымыз», – депті.

Міне, осылайша Әбләзов пен Храпуновтың құдалығынан бір кездері 300 млн доллар зардап шеккен тараптар мұхиттың арғы жағынан тоқ көңілмен қайтыпты.

Құдалардың алаяқтығынан зардап шеккен – халық, ал әкімдік пен банк зардап шегуші халықтың жоғын жоқтаушы ғана. Әбләзов сонда да «зардап шеккен халықты көрсетіңдерші» дейтін құйтырқы тәсілінен әлі танар емес. Дәл осы жағдайда «зардап шегуші – Алматының бүкіл халқы» деуге әбден болады.