АҚШ соты 75 елдің азаматына иммиграциялық виза беруді тоқтату туралы шешімнің күшін жойды
АҚШ федералдық соты Президент Дональд Трамп әкімшілігі Қазақстанды қоса алғанда, 75 елдің азаматтарына иммиграциялық виза беруді мерзімсіз тоқтату туралы шешімнің күшін жойды.
Астана, NEGE. Шешімді 21 тамызда Манхэттендегі федералдық судья Жанетт Варгас шығарды. Ол Мемлекеттік департаменттің қаңтарда енгізген саясатын «анық заңсыз» деп бағалап, мемлекеттік хатшы Марко Рубио заңда белгіленген өкілеттік шегінен шыққан деген қорытындыға келді, деп жазады Reuters.
Судьяның түсіндіруінше, АҚШ заңнамасында иммиграциялық виза жөніндегі өтініштерді қарау құзыреті консулдық қызметкерлерге берілген. Мемлекеттік хатшы олардың орнына тұтас елдердің азаматтарына ортақ тыйым енгізе алмайды.
Бұған қоса, виза беру туралы шешімді адамның азаматтығына ғана сүйеніп қабылдауға болмайды. Әр өтініш иесінің табысы, денсаулығы, жасы, отбасы жағдайы, демеушісі және басқа да деректері жеке бағалануы тиіс.
Шектеу кімдерге қатысты болды?
АҚШ Мемлекеттік департаменті 2026 жылғы 21 қаңтардан бастап 75 елдің азаматтарына иммиграциялық виза беруді тоқтатқан. Тізімге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Армения, Әзербайжан, Беларусь, Пәкістан, Бангладеш, Бразилия, Колумбия және басқа мемлекеттер кірді.
Шектеу АҚШ-қа тұрақты тұру үшін көшуді жоспарлаған адамдарға, соның ішінде отбасы мүшелерімен қосылуға және тұрақты тұру құқығын алуға өтініш бергендерге қатысты болды. Туристік, іскерлік, студенттік және басқа да иммиграциялық емес визалар бұл саясатқа кірген жоқ.
Мемлекеттік департамент тізімдегі елдердің азаматтары АҚШ-та мемлекеттік әлеуметтік көмекке тәуелді болуы мүмкін деген уәж айтқан. Associated Press мәліметінше, Мемлекеттік департамент бұл шешімге Ақ үйдің Экономикалық кеңесшілер кеңесінің статистикасын негіз еткен. Ведомство тізімдегі елдерден шыққан иммигранттар тұратын отбасылардың 30%-дан астамы әлеуметтік көмектің қандай да бір түрін алғанын мәлімдеген.
Алайда сот мұндай көрсеткішті бүкіл елдің азаматтарына ортақ шектеу қоюға негіз ретінде қолдануға болмайтынын атап өтті. Адамның болашақта бюджетке қаржылық салмақ түсіру қаупі азаматтығына емес, жеке жағдайына қарай анықталуға тиіс.
Сотқа кімдер жүгінді?
Мемлекеттік департаментке қарсы талапты Catholic Legal Immigration Network және African Communities Together құқық қорғау ұйымдары берген. Оларға иммиграциялық визаға өтініш берген шетелдіктер мен отбасы мүшелерін АҚШ-қа шақырған америкалық азаматтар қосылған.
Талапкерлердің сөзінше, жаппай шектеу заңды көші-қон рәсімдерін тоқтатып, ерлі-зайыптылардың, ата-аналар мен балалардың қосылуына кедергі келтірген. Кейбір адамдар құжаттарын толық жинап, консулдық сұхбаттан өтуге дайын болғанымен, азаматтығына байланысты виза ала алмаған.
«Бұл заңсыз әрі кемсітушілікке негізделген тыйым отбасылар мен жақын адамдарды ажыратып, өлшеусіз зиян келтірді. Енді бұл тыйым жойылды», – деді African Communities Together ұйымы директорының орынбасары Диана Конате.
Сот шешімі 75 елге қатысты жаппай шектеудің құқықтық негізін жойды. Тек осы саясатқа байланысты тоқтатылған немесе қабылданбаған өтініштерді қайта қарауға жол ашылды. Бірақ бұл АҚШ-қа көшуге немесе иммиграциялық виза алуға автоматты түрде кепілдік бермейді. Консулдық қызметкерлер әр өтінішті қолданыстағы талаптарға сәйкес жеке тексереді.
Ұлттық белгіге негізделген шектеу жойылғанымен, иммиграциялық виза сұхбаттарының қашан толық қайта басталатыны әзірге белгісіз.