АҚШ пен Иран келісімге келсе, Орталық Азия экономикасы өзгере ме?
Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуы әлемдік нарықтарға әсер етпей қоймайды. Бұл жағдай Қазақстан экономикасына жанама түрде болса да ықпал етуі мүмкін. Саясаттанушы, халықаралық коммуникациялар жөніндегі сарапшы Азамат Байғалиев осыған байланысты бірқатар маңызды факторды атап өтті.
Астана, NEGE. Азамат Байғалиевтің айтуынша, Таяу Шығыстағы қақтығысқа кемінде он мұнай өндіруші мемлекет тартылып отыр. Бұл ең алдымен қара алтын нарығының құбылуына себеп болады. Сәйкесінше, шеттегі шиеленістер әлемдік бағаның ауытқуына әкеліп, Қазақстанның тікелей бюджет түсімдеріне әсер етеді.
«Қазіргі шиеленіске кемінде он мұнай өндіруші мемлекет қатысып отыр. Сондықтан бұл жағдай Қазақстанға ең алдымен мұнай бағасының өсуі арқылы әсер етуі мүмкін. Қазір сауда-саттық қорытындылары нарықтың әзірге сақтық танытып отырғанын көрсетті. Инвесторлар оқиғаның қалай өрбитінін күтіп отыр деуге болады», – дейді саясаттанушы.
Сонымен қатар, Азамат Байғалиев жағдайдың өзге де қырларына тоқталды. Оның пікірінше, қақтығыстан кейін АҚШ пен Иранның жаңа басшылығы өзара мәмілеге келсе, бұл өңірдегі елдер үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашуы ықтимал.
«Көп жылдар бойы халықаралық шектеулер Иран экономикасының зор әлеуетін толық пайдалануға кедергі келтірді. Тарихи тұрғыдан Иран Орталық Азиядан Батыс елдеріне шығатын негізгі өткелдің бірі болған. Егер ел қайтадан Шығыс пен Батысты жалғайтын көлік жолдарының қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ете алса, бұл Орталық Азия мемлекеттерінің экономикасына қуатты серпін беруі мүмкін», – дейді маман.
Ал экономист Думан Ахметжанұлының пікірінше, қақтығыстың ушығуы мұнай бағасының уақытша өсуіне ықпал етуі мүмкін. Бұл Қазақстан үшін алғашқы кезеңде тиімді болып көрінгенімен, ұзақ мерзімде тұрақты экономикалық өсімге кепіл бола алмайды.