АҚШ-қа тікелей рейс: FAA Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігін бағалау жұмысын аяқтады
21-25 қыркүйек аралығында АҚШ Федералдық авиация әкімшілігі (FAA) Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігін бағалады. Сарапшылар авиациялық заңнаманы, мемлекеттің ИКАО талаптарына сәйкес ұшу қауіпсіздігін қадағалауды іске асыру мүмкіндігін қарастырды.
Астана, NEGE. Көлік министрлігінің ақпаратынша, 24 қыркүйекте FAA тобы Астана қаласында АҚШ Көлік министрлігінің АҚШ-қа рейстер орындауға арналған экономикалық рұқсатын алуға өтініш берген Air Astana әуе компаниясына жұмыс сапарымен барып, бағалау жүргізді.
25 қыркүйекте қорытынды ауызша брифинг өтіп, онда FAA сарапшылары Қазақстандағы бағалаудың алдын ала нәтижелерін таныстырды.
Бағалау қорытындысы бойынша америкалық сарапшылар бірқатар бағыт бойынша жақсы көрсеткіштерді атап өтіп, бұл Қазақстанның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы елеулі нәтижелерін және жоғары саяси ерік-жігерін көрсететінін айтты.
«IASA рәсіміне сәйкес, келесі кезеңде FAA елдің авиациялық билігіне ресми хабарлама жібереді. Одан кейін түзету шараларын талқылау мақсатында қорытынды консультациялар өткізу көзделеді», – делінген хабарламада.
Осы кезең аяқталғаннан кейін FAA Қазақстанға Category 1 мәртебесін беру мәселесі бойынша шешім қабылдайды.
«Category 1 мәртебесін алу қазақстандық әуе тасымалдаушылардың АҚШ-пен тікелей әуе қатынасын ашу үшін қажетті рәсімдерден өтуіне реттеушілік негіз қалыптастырады», – деп түсіндіреді Көлік министрлігі өкілдері.
Бұл ретте Category 1-дің болуы өздігінен АҚШ-қа рейстерді орындау үшін жеке рұқсат болып саналмайтынын, әуекомпания АҚШ-тың басқа да қолданылатын реттеуші талаптарын орындауы тиіс екенін айта кеткен жөн.