16 Мамыр 12:01
...

«Ақсақалдардың ақ батасын алып, қариялардың өсиетін тыңдап өскен азаматпыз» – Сотталушы Азамат Тоқтаубаев

Шерзат
Фото: Жоғарғы сот

Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр. 

Алматы, NEGE. Бүгінгі сот отырысында айыпталушы Азамат Тоқтаубаевтан жауап алынып жатыр. 

Мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай сотталушы Азамат Тоқтаубайдың Дархан Әскентайға қатысты берген бірінші айғағына байланысты бірнеше сұрақ қойды. Ол өз жауабында Дархан Әскентайға қатысты жалған айғақ бергенін мәлімдеді

Сотталушы Азамат Тоқтаубаев жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мейірман Шекеевтің сұрақтарына жауап бере отырып, оқиға орнында не себепті соңына дейін жүргенін түсіндірді. 

Қорғаушы: Сіз төбелеске ешқандай қатысым жоқ дейсіз. Бірақ, төбелесті соңына дейін неге бақылап тұрдыңыз? 

Азамат Тоқтаубаев: Мен бақылап тұрмадым.

Қорғаушы: Енді сіз келген кезде мен Нұрқиястан мылтықты алдым деп айттыңыз ғой. Яғни, төбелес біткен соң алдыңыз...

Азамат Тоқтаубаев: Мен төбелес болғанын білген жоқпын. Қазір бейнежазбада көрініп тұр. Осы бейнежазбаға сүйеніп айтып отырмын. 

Қорғаушы: Төбелес дүкеннің алдында басталды, иә? Содан кейін балалар қай жаққа қарай жүгірді?

Азамат Тоқтаубаев: Білмеймін, жан-жаққа кетті. Қай жаққа жүгіргенін нақты көрген жоқпын. 

Қорғаушы: Сіз ол кезде қайда болдыңыз?

Азамат Тоқтаубаев: «Қамажай» дүкенінің алдында болдым.

Қорғаушы: Қаржаубаймен сіз өз балаларыңызды алып кетіңіз, мен өз балаларымды алып кетемін деген әңгіме болды ма?

Азамат Тоқтаубаев: Нақты есімде жоқ, бірақ пышағыңызды тастаңыз деп айттым.

Қорғаушы: Қаржаубай сізге және басқаларға пышақ сермеп, шабуыл жасады ма?

Азамат Тоқтаубаев: Бейнежазбаға сүйеніп айтсам, басынан бері пышақпен атылып, оқшаулап жатыр ғой.

Қорғаушы: Пышақ ұстағанын бәріміз көрдік, біреуге шабуыл жасағанын көрмедік қой...

Азамат Тоқтаубаев: Маған шабуыл жасайын деді.

Қорғаушы: Қандай көрініспен сіз оны байқадыңыз?

Азамат Тоқтаубаев: Агрессивті түрде ашуланып тұрды.

Қорғаушы: Пышақты сермеді ме біреуге?

Азамат Тоқтаубаев: Сермегенде... жақындаса тығып алатындай тұрды.

Қорғаушы: Жоқ, ол сіздің жеке болжамыңыз ба әлде көрдіңіз бе?

Азамат Тоқтаубаев: Видеоға сүйеніп айтсам, маған да ағама да сермеген. Пышағыңды таста дедік. Ол іс құжаттарында да айтылған. Ол менің нақты есімде жоқ. 

Қорғаушы: Нұрқияспен қанша уақыттан бері доссыз? Оның «хуторскиеге» қатысы бар ма? 

Азамат Тоқтаубаев: Ондай жоқ. Оған мінездеме де бере аламын. Біз сол Тұрар Рысқұлов ауылының ақасақалдарының ақ батасын алып, қариялардың өсиетін тыңдап өскен азаматпыз. Ондай жаман жағын байқамадым. 

Қорғаушы: Сіз төбелеске қатысым жоқ дедіңіз, алайда сол төбелес болған жерден Ғайыпбаевтың телефоынын алып кеткенсіз. Сол жерді сызбадан көрсете аласыз ба?

Азамат Тоқтаубаев: Мені айғақ беруге ол жерге алып бармады. Қазір көрсете алмаймын. Ол жерге алып барған болса, көрсетер едім. Маған сіздің сызбаңыз түсініксіз. Қазір мен басқа жерді айтуым мүмкін. Сол себепті сіздің қағазыңызға сүйеніп көрсете алмаймын. 

Қорғаушы: Жәбірленушілердің айтуы бойынша, Ғайыпбаевтың телефнымен қатар, сол жерде әмияны болған. Ішінде 1 млн теңгесі болған...

Азамат Тоқтаубаев: Ешқандай әмиянын байқамадым. Телефонды алғанымды мойындаймын. Бірақ, ұрлап кету мақсатында алмадым. Телефоннан басқа заттарды көрген жоқпын. 

Қорғаушы: Сізден тергеушілер осы әмиян бойынша жауап алды ма?

Азамат Тоқтаубаев: Жауап алған жоқ, ол жөнінде сұрамады. Сұраса, сұраған шығар, нақты есімде жоқ.

Қорғаушы: Сіз төбелеске қатысым жоқ дейсіз. Алайда төбелесіп жатқанын неге аяғына дейін көріп тұрдыңыз? Не себепті үйқамақта бола тұра, аш пәледен қаш пәле деп үйіңізге кетіп қалмадыңыз?

Азамат Тоқтаубаев: Топтық төбелесті бастан аяқ байқағаным жоқ. Кім-кімді ұрып жатқанын көргенім жоқ. Үйқамақта жүріп, шығып кеткенімді мойындаймын. 

Қорғаушы: Төбелес болып жатыр. Ол жерден мылтықты алып, сізге берді. Төбелес аяқталды, неге үйге кетпедіңіз?

Азамат Тоқтаубаев: Үйге кеттім ғой.

Қорғаушы: Сол болып жатқан кезде неге кетіп қалмадыңыз?

Азамат Тоқтаубаев: Мен немен кетемін? Астымда көлігім жоқ, ағамды алып кеттім.