Ақпарат министрі Аида Балаева Ботагөз Омарованың ісі жайлы не дейді?
Мәдениет және ақпарат министрі, вице-премьер Аида Балаева журналист Ботагөз Омароваға қылмыстық іс қозғалуына байланысты мәлімдеме жасады.
Астана, NEGE. Министр заңда көзделген барлық рәсімдер аяқталғанға дейін оқиға мәнін бұрмалау немесе процесс қатысушыларын негізсіз қаралауға әкелуі мүмкін мәлімдемелерге жол бермеуге шақырды.
«Аталған іс бойынша шешім әділ болады деп сенемін.
Таратылып жатқан ақпараттың дұрыстығын тексеру – «Масс- медиа туралы» Қазақстан Республикасының Заңында бекітілген журналистердің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.
Сонымен қатар, заңнамада, атап айтқанда 68-бапта, журналистерді шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратқаны үшін жауапкершіліктен босататын жағдайлар қарастырылған, оның ішінде ресми сөздерді сөзбе-сөз, өзгеріссіз келтірілген болса», – деп жазды Аида Балаева.
Айтуынша, министрлік жағдайды мұқият бақылап отыр және қажет болған жағдайда өз құзыреті аясында шаралар қабылдауға дайын.
2026 жылғы 20 наурызда 20 жылдан астам тәжірибесі бар кәсіби журналист Ботагөз Омарова Астана қалалық полиция департаментіне «әңгімелесуге» шақырылғаны айтылған. Ол бөлімшеге өз еркімен барған. Алайда бірнеше сағаттың ішінде оның статусы өзгеріп, қорғалуға құқығы бар куәгерден күдіктіге айналған.
Әріптестерінің айтуынша, журналист полиция бөлімінде сегіз сағаттан астам уақыт болған. 21 наурызға қараған түні тергеу сотының отырысы өтіп, нәтижесінде Омарова екі ай мерзімге үйқамаққа алынды. Ал полиция оның пәтерінде тінту жүргізген.
Омароваға нақты қай материалы үшін айып тағылып отырғаны туралы әзірге ресми ақпарат жоқ. Тек істің Қылмыстық кодекстің 274-бабы «көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша қозғалғаны белгілі.