Ақорданың ұстанымы «геосаяси некені» бұзуы мүмкін бе?

Михаил Александров.
Бұған Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменовтің еуропалық ақпарат көзі – Euractiv сайтына берген сұхбаты түрткі болып отыр.
Т.Сүлейменов. Фото: sputnik.kz
Украинадағы соғысқа, Ресейге салынған санкцияға қатысты Қазақстанның ұстанымы Ресейге түрпідей тигенге ұқсайды. Тимур Сүлейменов Қазақстан Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын, санкция салынған тауарлардың Ресейге өтіп кетпеуіне бар күшін салатынын ашық айтқан-ды.
«Ресей өз жағында болғанымызды қалайды. Бірақ Қазақстан Украинаның аумақтық тұтастығын құрметтейді. Біз Қырымдағы жағдайды да, Донбастағы жағдайды да мойындаған жоқпыз, мойындамаймыз да. Өйткені, оларды БҰҰ мойындаған жоқ. Біз Біріккен ұлттар ұйымы деңгейінде қабылданған шешімдерді ғана құрметтейміз», – деді Тимур Сүлейменов.
Ақорданың батыл ұстанымына қатысты қазақстандық сарапшылардың пікірі екіге жарылып отырған сыңайы. Кейбіреулер қуана қабылдаса, енді бірі «өрескел қателік» деп баға берді:
Арман Шораев, қоғам белсендісі:
Біз ешкімнен кем емеспіз
– Тимур Сүлейменовтің айтқаны – өте дұрыс. Егер ақты – ақ, қараны – қара деп айта алса, онда бұл – еліміздің болашағы бар деген сөз.
Киевтің маңындағы Буча қаласында нағыз геноцид болды. Мұны басқаша айта алмаймын. Біздің мемлекеттік қызметкердің осындай қанішерлермен бір үстелдің басында отыруын көргенсіздік деп ойлаймын. Сондықтан түрлі одақтардан міндетті түрде шығуымыз керек.
Тимур бауырымыздың айтқан сөзі – Президентіміздің ұстанымы деп ойлаймын. Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары рұқсатсыз мұндай сөздерді айтпас еді. Бұл – мемлекет басындағы тұлғалар пікірінің өзгергенінің дәлелі.
Ресейдің Украинада ауызы күйді. Путиннің ядролық түймесінен басқа әскері де қалмады. Сондықтан қоқан-лоқысынан қорықпау керек. Қазақ халқы да – батыр халық. Артық болмасақ, біз украиндерден кем емеспіз.
«Іштен шыққан жау жаман» демекші, Данияр Әшімбаев секілді саясаттанушыларымыз орыстарды қолдап шықты. Өзі қазақ болғанынан жеркенеді. Арамызда осындай орысқұлдар бар. Олар қазақ елінде болашағы жоқ екенін біледі. Өйткені, Рахман Алшанов деген ақсақалымыз ұлына бір ауыз қазақша сөз үйретпеген. Сондықтан бұл кісі мен үшін ақсақал бола алмайды.
Максим Казначеев, саясаттанушы:
Бұл мәлімдеме – сыртқы саясаттағы өрескел қателік
– Қазақстан пауза жасап, Украинадағы жанжал жөнінде тіс жармауы тиіс еді. Өйткені, бұл Ресей Федерациясымен экономикалық қарым-қатынас барысында Қазақстанның экономикалық мүдделеріне зиян тигізуі ықтимал.
Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасарының мәлімдемесі – сыртқы саясаттағы өрескел қателік. Мұның кесірінен ел ауыр экономикалық шығынға ұшырауы мүмкін.
Дәл қазір Ресейдің Украина мәселесінен қолы босай алмай жатыр. Украина мәселесі шешілген соң, Ресейдің Орталық Азиядағы посткеңестік елдерге қатысты саясаты өзгереді. Саясат қазіргідей емес, мүлде басқа болады.
Басып кіретіндей Қазақстанда дәнеңе жоқ. Бірақ Еуразиялық экономикалық одақ аясында біртұтас валюта енгізу, шетелдік әріптестермен саудада ұлттық валютаға көшу секілді қатаң талаптар қоюы ғажап емес.
Расул Жұмалы, саясаттанушы:
Сұхбатта таңқаларлық ештеңе жоқ
– Бұл – Тимур Сүлейменовтің ғана емес, Қазақстан басшылығының ұстанымы. «Қырым мен Донбассты Ресей жері» деп Қазақстан мойындаған емес. Қазақстан Украинаның аумақтық тұтастығын қолдап келеді. Сондықтан бұл сұхбатта таңқаларлық ештеңе жоқ.
Қазақстан халықаралық құқыққа сай өз ұстанымын қайталап отыр.Ресей халықаралық құрсауда қалып, одақтастары қалмады. Өйткені, еш негізсіз басқыншылық соғыс жүргізіп жатыр. Өркениетті әлем Ресейдің әрекеттерін айыптап, санкция салуда.
Ресей – Қазақстан үшін өте маңызды көрші ел. Қатты кіріптармыз. Ресей құрсаудан шығу үшін сес көрсетіп отырғаны жасырын емес. Қысымға қарамастан, Қазақстан өзінің ұлттық мүдделерін бірінші орынға қою керек. Тимур Сүлейменов мырзаның сұхбаты – осы ұлттық мүддемізге сай.
Кейбір елдер «Қазақстанды Ресейдің бақылауындағы мемлекет» деп қарастырып келген шығар. Енді олардың да көзі ашыла бастады.