Ақмола облысында көкпар кезінде көз жұмған баланың туыстары шағымын жеткізді
Ақмола облысында көкпар кезінде қаза тапқан 13 жастағы жасөспірімнің туыстары оқиғаға қатысты істі тергеу орындарының «оқыс жағдай» деп жауып тастағанына наразы.
Астана, NEGE. Қайғылы жағдай биыл 26 мамыр күні болған. Сол күні Дінмұхаммет көкпар ойынының дайындық жаттығуына кеткен.
«Оқиға орнында болған куәгердің айтуынша, ойын "Қаражар" және "Жанбөбек" командалары арасында өткен. Ойын барысында ұлым қарсылас ойыншының серкені алып кетуіне жол бермеу үшін көкпардың белгіленген ережесіне сәйкес әрекет еткен. Алайда осы сәтте қарсылас команданың ойыншысы ойын қағидаларын өрескел бұзып, ұлымның атына көлденеңнен қатты соққы жасаған. Соның салдарынан ұлым ат үстінен құлап, басынан ауыр жарақат алған. Кейін алған жарақаты салдарынан көз жұмды», – делінген Threads желісінде жарияланған жазбада.
Туыстары «жасөспірім аттан құлап, жарақат алды» деген нұсқамен келіспейтінін айтады. Олардың мәлімдеуінше, сараптама қорытындысында да «қатты доғал заттардың әсерінен денсаулыққа ауыр зиян келгені» жазылған.
«Бала басынан жарақат алған, жұлыны үзілген, мойны сынған. Бала аттан құласа, мұндай жарақат ала ма? Кез келген адам құлап бара жатқанда ыңғайын іздеп, қорғанады ғой. Біз бұған сенбей отырмыз. Сұрақтарымыз көп, бірақ ешкімнен жауап жоқ», – дейді марқұмның жақындары.
Олардың айтуынша, аудандық полиция бөлімі мен прокуратура адам өлімі дерегі бойынша қозғалған қылмыстық істі екі айдан кейін еш себепсіз жауып тастаған.
Еске салсақ, қайғылы оқиғадан кейін Целиноград ауданы әкімдігі мәлімдеме жасап, жасөспірім аттан құлап, қаза тапқанын мәлімдеген еді. Ал Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның мән-жайын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталғанын, тергеу барысында жаттығуды ұйымдастырушылар мен қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға берілетінін хабарлаған болатын.