Ақмола облысында 20 гектардан астам аумақ өртке оранды
Ақмола облысы Ерейментау ауданының Торғай ауылдық округінде құрғақ шөп пен орман алқаптарына тараған өрт сөндірілді.
Астана, NEGE. Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, табиғи өртті сөндіру жұмыстарына 250 адам мен 40 техника тартылған. Олардың қатарында ТЖМ күштері, «Ауыл құтқарушылары» еріктілері, әскери қызметшілер, ЖШ (ОШ), ЖАО, МӨСБ, МҰТП күштері, сондай-ақ «Қазавиақұтқару» АҚ-ның екі тікұшағы бар.
Бұл ретте өртті ауыздықтауда авиацияның маңызды рөл атқарғаны атап өтілді: тікұшақтардың бірі өрт ошақтарына 12 тонна су төккен.
«Жердегі бөлімшелер мен авиацияның үйлесімді жұмысының арқасында өрт 18 сағат ішінде толық сөндірілді. Құрғақ шөптің жану аумағы шамамен 2 980 гектар, орман алқаптарының аумағы 20 гектар болды», – делінген ведомство хабарламасында.
Елді мекендерге қауіп төнген жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Төтеншеліктер ел тұрғындарын өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға, құрғақ өсімдіктерді өртеуге жол бермеуге шақырады.