«Дұрыс қабылдаймын...» – Бейбіт Исабаев «Жаңа Қазақстанды» түсіне бастағанын айтты
Кеше Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Орталық коммуникациялар алаңында брифинг өткізіп, облысытың әлеуметтік-экономикалық ахуалына қатысты есеп берді.
Есеп беріп болған Бейбіт Өксікбайұлына журналистер сұрақты қарша боратты. Әкім кейбіріне жауап берді, ал кейбір сұрақтарға күмілжіп қалды. Мәселен, NEGE тілшісі қойған сұрақтарға облыс әкімі нақты жауап бере алмады.
Өткен жылы Жетіс облысы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасына қарасты Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының этносаралық қатынастарды дамыту бөлімінің бас маманы, 55 жастағы Әбілқайыр Оралов суицид жасады. Кейбір деректерге қарағанда, ол басшылық тарапынан қысым көргендіктен осындай әрекетке барған.
Облыстық полиция департаменті NEGE редакциясы жолдаған ресми сауалға «істі тергеп-тексеріп жатырмыз, басқарма басшысынан жауап алынды» деген жауап қайтарған болатын.
Әкімдік қызметкерінің қазасына қатысты қылмыстық іс сотқа жетті ме? Кінәлілер жауапқа тартылды ма? NEGE тілшісі жолдаған осы сауалға Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында Жетісу облысының әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ жауап берді.
«Мен ол туралы білемін, өзіне қол жұмсаған. Біз қызметтік тергеу жүргіздік, полиция да сот алды тергеу жұмыстарын жүргізді. Менің қазір қолымда бар ақпаратқа сәйкес, іс сотқа дейін жетпеді. Ешнәрсе дәлелденбеді», – деп жауап берді облыс әкімі.
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев былтырғы брифингте «Жаңа Қазақстанның қандай болатынын білмеймін, оның фотосын маған ешкім көрсеткен жоқ» деп айды аспанға бір-ақ шығарған болатын. Білдей бір облыс әкімінің мемлекет идеологиясын аяқ асты еткеніне жұрт таңырқасып қалған.
- Оқи отырыңыз: Әкімдер портреті. Исабаев. Көш соңындағы «көшбасшы»
NEGE тілшісі Жетісу облысының әкімінен Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан ұғымдарын қалай түсінетінін биыл тағы сұрады.
«Жақсы түсінемін, дұрыс қабылдаймын», – деп қысқа қайырды Бейбіт Исабаев.
Бейбіт Өксікбайұлы «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» ұғымдарын қалай түсінетінін тәпсірлеп бермеді. Бәлкім, әлі де зерттеп жатқан болар...