28 Ақпан 17:17

Тағы бір ауыл «Қазақтелекомнан» жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізді

Сайрам ауданы
Фото: Фото: Қазақтелеком

Түркістан облысы Сайрам ауданы Аққала ауылының тұрғындары «Радиокөпір» технологиясының арқасында «Қазақтелекомнан» жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізді. Енді ауыл тұрғындары сапалы байланысты пайдаланып қана қоймай, интернетке кететін қаражатын да үнемдей алады.

Ауылға келген алғашқы күндерде-ақ телекоммуникация операторы Аққала ауылының 70-ке жуық отбасын қосты, қосылуға өтінімдер әлі де көптеп түсіп жатыр. Енді ауыл тұрғындары цифрлық сервистерді шектеусіз пайдалануға мүмкіндік алды. Телеком-оператордың талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылатын «радиокөпір» орнатылғалы жағдай өзгерді, тұрғындар интернет қана емес, цифрлық телевизияға да қол жеткізді. Мұндағы үйлерге орнатылған маршрутизатор сигналды радиусы 40 шақырым болатын аумаққа жеткізеді.

Аққала тұрғыны Хаетилла Әбдіғапиров алғашқылардың бірі болып «радиокөпір» арқылы «Қазақтелекомның» телеком-қызметтеріне қосылып үлгерді.

Сайрам ауданы
Фото: Қазақтелеком

«Осыған дейін ұялы байланыс операторының қызметін пайдаланып, балансты үнемі толтыру үшін көп қаражат жұмсайтынмын. Ұялы байланыс отбасымыздың барлық қажеттіліктерін өтей алмағандықтан, қосымша интернет пакеттерін сатып алуға мәжбүр болдым. Сол себепті де, «Қазақтелеком» ауылға телекоммуникация желісін жүргізген бойда, алғашқылардың бірі болып осы қызметке қосылдым. Қазір тұрақты интернеттің қызығын көріп отырмын, оған қуанышым шексіз. Байланыстың сапасына сенімдіміз, әрі қандай да бір сұрақ туындаса бізге бірден қолдау көрсетілетінін білеміз», – деді Хаетилла Әбдіғапиров.

Сайрам ауданы
Фото: Қазақтелеком

Естеріңізге сала кетейік, 2018-2020 жылдары талшықты-оптикалық желіні салу жобасы іске асырыла бастағалы республика бойынша «радиокөпірлер» салынуда. Елімізде 14,5 мың шақырымнан астам «оптика» төселіп, 828 ауылда 2,5 мыңнан астам мемлекеттік және бюджеттік ұйымдар интернет пен байланысқа қосылды. Құрылған желілік инфрақұрылым базасында «Қазақтелеком» қазақстандықтарды телеком-қызмет және цифрлық сервиспен қамтамасыз етуге бағытталған басқа да жобаларды іске асырып, оның ішінде республикада «радиокөпірлер» орната бастады. Түркістан облысына келетін болсақ, компания осы технология бойынша өңірде тағы 11 ауылды қызметке қосуды көздеп отыр.

Қазақтелеком
Фото: Қазақтелеком

«Биыл біз «радиокөпір» технологиясы бойынша шалғайдағы елді мекендерде байланыс аумағын белсенді түрде кеңейтіп жатырмыз. Биыл Түркістан облысында 15 шақты елді мекенді қосып, тұрғындарға заманауи технологиялардың артықшылықтарын көрсетсек деп отырмыз. Цифрлық әлемде ақпарат, білім және ойын-сауыққа қол жеткізу үшін әркімге тең көлемде мүмкіндік берілуі тиіс деп санаймыз. «Радиокөпір» технологиясы байланыс сапасын арттырып қана қоймай, ауыл тұрғындарының цифрлық қоғамға толыққанды қатысуы үшін катализаторға айналуда», – деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ бөлшек бизнес дивизионының Оңтүстік өңірі В2С-сегментінің коммерциялық директоры Света Жұмашева.

«Радиокөпір» технологиясы Түркістан облысының Шұбарсу, Жетісай, Созақ, Шолаққорған, Құтарыс және Ақсукент сияқты бірнеше елді мекенінде сәтті енгізілді. Жоспар цифрлық теңсіздікті еңсеріп, шалғайдағы ауыл тұрғындарын заманауи технологиялармен қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарының елді мекендеріне қызметті қосуға бағытталған.