Ақынның туған күні дүркіреп өтті

«Мен тағдырды басқа арнаға бұрам деп, жаңғырыққа жолықтым.
Өлең - маған, мен өлеңге сыңар боп қалған екем, соны ұқтым», - деп сырлы өлеңді сыңар еткен белгілі ақын Ақберен Елгезек қырық жасқа толды.
Қырықтың қырқасына шыққан ақын жуырда ет жақындары мен әдебиет айдынындағы әріптестері және эстрада жұлдыздарының басын қосып, мерейтойын дүркіретіп атап өтті. Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, Мемлекеттік «Дарын» және «Алтын қалам» қоғамдық сыйлығының иегері Ақберен Елгезектің «Көлеңкелер күбірі» атты өлеңдер жинағымен «Болмаған балалық шақ» повесі оқырмандар арасында елеулі. Ақын бүгінде эстрада жұлдыздарының біразына ән жазып, өнер өкілдерінің өлеңдеріне өзіндік мағына үстеп жүр. Бұғанға дейін әнге арнайы сөз жазбаған ақынның алғаш рет өлең жазуына Мейрамбек Беспаев әсер еткен. Досының көңілін жыққысы келмеген Ақберен Елгезек бүгінде тыңдармандар арасында танымал болған Мейрамбек Беспаев пен Қанат Үмбетовтың орындауындағы «Сүйікті етші» әнінің сөзін жазған.
Бұдан бөлек, Клара Төленбаеваның қоржынындағы «Сені ешкімге бермеймін, сұрамасын» әнінің сөзін жазған да осы Ақберен Елгезек. Бір қызығы, аталмыш әннің сөзі хабарлама арқылы жазылған екен.
Сонымен қатар жақында ақынды туған күніне орай түркиялық әрі әзербайжандық дос-бауырлары Мехмед Нури Пармаксыз бен Хаял Рза Жазушылар одағына келіп, Ақберен Елгезекті халықаралық Махмұд Қашқари әдеби сыйлығымен марапаттаған. Қаламгерлерге әдеби жетістіктер мен түркі дүниесі әдебиетін, мәдениетін насихаттағаны үшін арнайы берілетін сыйлық ақынды да айналып өтпеді. Қазақ әдебиеті өнеріне өзіндік үлес қосып, өлеңдері мен тың туындылары арқылы оқырманын кітапқа баулып жүрген ақынның алдағы шығармашылық жұмыстарына табыс, отбасына амандық тілейміз!