7 Желтоқсан 11:21
...

Ақын Ақұштап Бақтыгерейқызының 80 жылдығы атап өтілді

Жайықтың ақ шағаласы
Фото: ҚызПУ

Ақын Ақұштап Бақтыгерееваның 80 жылдық мерейтойына арналған «Жайықтан ұшқан шағала» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Кеше Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Ақжайықтың ақ шағаласы» атанған ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығы мен Құрмет орденінің иегері Ақұштап Бақтыгерееваның 80 жылдық мерейтойына арналған «Жайықтан ұшқан шағала» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Ақұштап Бақтыгерейқызы – қазақ поэзиясының жарық жұлдызы, ұлттық тәрбие мен мәдениеттің жанашыры. Оның шығармалары терең поэтикалық мазмұнымен, жүрекке жететін нәзік әрі қуатты сөздерімен ерекшеленеді. Ақынның әр өлеңі оқырманды өзіне баурап, қазақ әдебиетінің мәңгілік құндылықтарын паш етеді.

«Мен бүгін бақыттымын. 80 жылдық мерейтойын тойлап жатқан өзімнің оқу орныма 80 жасыммен келіп тұрмын. Мені сондай ерекше ықыласпен қарсы алды. Кезінде өзім де сондай ширақ, белсенді студент болдым. Қарасам, өзімнің өмірімді қаламым арқылы қазақ қыздарын тәрбиелеуге арнаппын. Мен барша қазақ қыздарына сәттілік пен бақыт тілеймін», – деді Ақұштап Бақтыгерейқызы.

Гүлмира Қанай
ҚызПУ

Әдеби-сазды кештің шымылдығы оқу орнының Басқарма Төрағасы – Ректоры Гүлмира Қанайдың жүрекжарды құттықтау сөзімен ашылды. Гүлмира Қанай ақынды мерейтойымен құттықтап, Университет атынан сыйлық табыстады.

«Құрметті Ақұштап Бақтыгерейқызы! Сіздің өз ісіңізге деген сүйіспеншілігіңіз, жоғары кәсібилігіңіз баршамызға үлгі. Өнегелі өміріңіз, өрелі өлеңдеріңіз, ұлттық рухты жаңғыртқан шығармашылығыңыз – жас ұрпақ үшін таусылмас рухани қазына. Өзіңіз түлеп ұшқан қазақ аруларының қара шаңырағымен байланысыңыз бүгінгі күнге дейін үзілмей келеді. Қаламыңызбен жазылған әрбір жол жас ұрпақтың бойына асқақ рухты, елімізге және ана тілімізге деген сүйіспеншілікті дарыта беруіне тілектестік білдіреміз. Мерейіңіз үстем, мәртебеңіз биік бола берсін», – деді QyzPU ректоры.

Қыздар педагогикалық университеті
ҚызПУ

Кеш барысында өнерлі жастар ақын Ақұштап Бақтыгерееваның өлеңдерін нақышына келтіре оқып, тыңдарманның көңілінен шықты. Іс-шарада студенттер әсем билер билеп, әсерлі әндер орындап, ерекше көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар студенттік «Тұмар» театры «Ерлікті көзбен көрген күн» атты қойылымын ұсынып, көрермендердің қошеметіне ие болды.

«Мен басында кездескен кезде жұбайыма: «Өлеңіңді жазып, айтар шындығыңды айт. Маған арқа сүйеуіңе болады», – деген едім. Сол сөзімде тұрдым деп ойлаймын. Ақын адамның жүрегі нәзік, сезімтал келеді. Бүгін өзінің өскен ортасына келіп, қошеметке бөленуде. Жастар өте әдемі өнер көрсетті. Кештің ерекшелігі шынайылығында болды. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Айтар алғысымыз шексіз. Біз сіздерге тек жақсылық тілейміз», – деді ақынның жұбайы Ғабдырахим Жаңбырбаев.

Бұл кеш ақынның шығармашылық мұрасын ұлықтап, қазақ әдебиетінің асыл қазыналарын қайта жаңғыртуға бағытталған ерекше шара болды. Ақынның шығармалары мен өмір жолы әрбір қонақтың жүрегінде терең із қалдырып, ұлттық өнер мен әдебиеттің рухани байлығын насихаттауға зор үлес қосты.

Жайықтың ақ шағаласы
ҚызПУ

Кеш соңында атақты ақын Ақұштап Бақтыгереева өзіне көрсетілген құрмет пен ықыласқа ризашылығын білдіріп, Университет ұжымына «Ана жүрегі» атты кітабын сыйға тартты. Бұл сыйлық – жастарға рухани азық, ана жүрегінің мейірімі мен даналығын паш еткен баға жетпес тарту болды.