Әкімдер шошып кетті: Тоқаев күзетшілер өткізбей қойған тұрғынның жанына өзі барды (видео)
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Қостанай облысына жұмыс сапарымен келген болатын.
Алматы, NEGE. Шұғыл әрекет ету штабы отырысынан кейін Мемлекет басшысы орман өртінен зардап шеккен Аманқарағай ауылының аумағын аралады.
Халық Тоқаевқа өз мәселелерін де жеткізген. Руслан Шарафутдинов есімді тұрғын, Тоқаевқа жолықпақшы болған. Оның сол сәттегі видеосын Ұларбек Дәлейұлы фейсбук парақшасында жариялады.
"Президент Әулиекөлге келді. Тұрғындармен кездесіп, көңілдерін орнына түсірді. Сыртқа шыға бергенде көп ішінен анау жігіт айқай салды. Қаумалаған күзетшілерді ысырып тастап, оған қарай өзі барып, қал-жағдайын сұрады. Әкім-қаралардың түсі Аманқарағайдың өртін сөндіріп келгендей бұзылды", - деп жазды Ұларбек Дәлейұлы.
Ал Президенттің жанында 20 метрдей жерде ешкімді жақындатпай күзет тұрған. Сәуле Алипова есімді желі қолданушысының мәліметінше, Руслан топ ішінен: "Президент мырза, көмектсеңізші" деп айғайлаған. Тоқаев дауысын естіп, қасына өзі келіп, жағдайын сұраған.
"Жағдайымды анықтап сұрап болған соң, көмектесуге уәде беріп, қасындағы көмекшісіне, құжаттарын қарап көмектесіңдер деп тапсырма берді. Бүгін сағат 17-00 ге, сол жерде Президенттің көмекшісіне құжаттарымды апарып көрсететін болдым деп, қуанышын бізбен бөлісіп жатыр. Үйін әкімдіктің кесірінен жоғалтқан тобымыздың мүшесі Русланда бүгін сол үйді қайтаруға деген үміт пайда болды", - деп бөлісті Сәуле Алипова.