5 Қазан 19:49
...

Ақылы автотұрақ Көлгіновтің кеңірдегінен қысып тұр

Фото:

Елорданың әкімі Алтай Көлгінов екі оттың ортасында қалды. Даудың басы көлік тұрағынан басталған. Бас шаһардың бұрынғы әкімі Әсет Исекешов ай мен күннің аманында «Парковочное пространство Астаны» ЖШС-мен келісім-шартқа қол қойып, астананың түкпір-түкпірін түгелдей ақылы тұрақтарға айналдыруға пәрмен берген. Ұзын-ырғасы – 400. Ал таразының екінші басында шырылдаған қарапайым елорда тұрғындары тұр.

Төтесіне көшсек, короновирус алқымнан алғанда, табысы азайып, карантинде қамалып отырған елордалықтар бұрын есігінің алдына тегін қойып келген алаңқайға ақы төлеуі тиіс. Сағатына жүз теңге. Мәселен, жұмыссыз қалғандарды айтпағанда, онлайн жұмыс істеп жатқандардың көлігі күні-түні тұратыны белгілі. Сонда тұрғындар бір тәулікте – 2 400 теңге, бір айда 72 мың теңге төлеуі керек. Төлеп те жатыр. Мұндай қомақты қаражат – қарапайым отбасының бюджетіне үлкен жүк. Мәселе дереу шешімін таппаса, қоғамдық дүмпу туғалы тұр. Әрине, мал ашуы – жан ашуы.

Көлгінов мұны жақсы біледі. Бірақ қолынан келер қайран жоқ. Көлік тұрағы мәселесін халықтың пайдасына шешіп берейін десе, әкімдіктің өзі таяқтың астына қалатын түрі бар. Өйткені, аталған компанияның қағаз-құжаты тас-түйін. Әкімдікпен жасаған келісім-шарты тағы бар. Бәрі заңды. Рұқсат берген әкімдіктің өзі. Шартты бұзса, Көлгінов сот алдында жауап беріп, тұрақсыздық айыбы ретінде қомақты қаражат төлеуі тиіс. Бұл жерде «арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін» шешім қабылдау мүмкін емес. Тұйыққа тірелу деген осы.

Дал болып отырған Көлгіновтен қайран жоқтығын халық та түсінген. Ендігі үміттері – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевта. Мәселен, Елорданың Бауыржан Момышұлы даңғылында орналасқан нөмірі 16 үйдің тұрғындары Ақордаға шағым-арызын бұрқыратып жатыр.

«Тұрақ үшін ақша жинайтын компания көліктердің бүтіндігіне ешқандай жауапкершілік алмайды. Бізді көлігіміз далада қараусыз тұрғаны үшін ақшаны «ауаға» төлеуге міндеттеп қоймақ. Көліктеріміз үйдің жанында тұрғаны үшін неге ақы төлеуіміз керек?! Карантинде көпшілік үйінде отыр. Көлігі де аулада тұр. Сонда осы үшін де ақша төлейміз бе? Жұмысынан айырылып қалғандар да аз емес. Олар қайтпек?

Құрметті Президент, бұл мәселені тезірек шешуге пәрмен беріп, ақылы автотұрақ жасау мәселесін тоқтатуыңызды сұраймыз», – дейді тұрғындар.

Олар бұл үйде кәсіпкерлер емес, қарапайым бюджет қызметкерлері тұратынын, кейбір азаматтардың жұмысынан және табысынан айырылғанын алға тарта келе, Президенттен араша сұрайды.

«Парковочное пространство Астаны» ЖШС да қарап отырған жоқ. Бұл компания болса, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің үстінен президент әкімшілігіне арыз жазған. Заңдық тұрғыдан келсек, ЖШС-ның талабы дұрыс. Қолында қатталған құжаты бар. Олардың пікірінше, Көлгінов пен оның командасы «мемлекеттік жекеменшік әріптестік» келісімін өрескел бұзып отыр.

Қысқасы, «Менікі бәрі заңды. Қағаз-құжатым дұрыс. Мен міндетімді орындадым. Маған не дейсіңдер?!» – дейді бұл компанияның басшысы Ч.Досыбаев..

Тұрақтың тәлкегі әкімдіктің құзырынан шығып, Президент араласатын мәселеге айналды. Нұр-Сұлтан тұрғындары Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың атына тікелей хат жазса, ақылы тұрақ салам деген компания басшысы Президент әкімшілігінің жетекшісі Е.Қошановқа арыз жолдаған. Осылайша мәселе күрделеніп барады. Ең алдымен бұл онсыз да пандемия титықтатқан халықтың жүйкесіне ши жүгіртіп жатыр. 

Құжаттарға қол қойған бұрынғы әкімнің есебі түгел. Ұйқысы тыныш. Қазір қауіпсіздік кеңесінде хатшы. Ал Алтай Көлгіновтің басы қатып жүр. Әкімдердің бір-біріне қалдырған осындай «түйткіл-сыйлары» ұдайы жабулы қазан күйі қалып келеді. Бұдан зардап шегетін – сол баяғы мемлекеттік бюджет пен қарапайым халық. Алайда ақылы тұрақ мәселесін осы жолы жабулы қалдыру мүмкін болмайтын сияқты. Өйткені біздің қолымызда жоғарыда сөз болған екі хат та бар. 

Nege.kz тілшісі мәселенің мән-жайын білмекке Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне хабарласты.

«Парковочное пространство Астаны» ЖШС бульвар «Нұрлы Жол» деген жерде 2018 жылдан бастап жұмыс істеп жатыр. Өзіңіз де білесіз, наурыз айында төтенше жағдай режимі орнап, карантин болды. Сондықтан, олар орнатқан тұрақтар іске қосылған жоқ. Адамдардың жағдайын түсіну керек. Не үшін басшылық орнына ақша төлейді екен? Қазір бізде «пандемия» деген мәселе бар. Арыз түсіріп, сотқа бергендерін білмеймін. Заң бойынша өз еріктерінде. Егер бұл мәселе бойынша білгілеріңіз келсе, бізге ресми сауал жолдаңыздар», – деді баспасөз хатшысы.

Nege.kz редакциясы осы мәселеге қатысты Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгіновке және «Парковочное пространство Астаны» ЖШС басшысы Ч.Досыбаевқа ресми сауал жолдады.  

Тегтер: