Ақылы жолдарда лазерлер орнатыла бастады: ол не үшін қажет?
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Қазақстанның ақылы жолдарында лазерлік визуалды бағдарлау жүйелері орнатылып жатқанын хабарлады.
Астана, NEGE. Компания мәліметінше, жаңа технология ең алдымен көріну деңгейі төмен жағдайларда және тәуліктің қараңғы уақытында қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Дәл осы кезеңде жүргізуші факторына түсетін жүктеме артып, қателік ықтималдығы жоғарылайды.
Лазерлік қондырғылар республикалық маңызы бар жолдардың 22 учаскесінде орнатылып жатыр. Олардың қатарында Астана – Щучинск, Алматы – Қорғас, Шымкент – Тараз, Орал – Ресей Федерациясы шекарасы бағыттары және өзге де стратегиялық маңызы жоғары дәліздер бар. Қондырғы жүргізушінің көру аймағына айқын жарық сызықтарын проекциялап, жол бойында нақты визуалды бағдар қалыптастырады.
Бұл шара:
- қозғалыс жылдамдығы мен бағытын уақытылы түзетуге;
- ұзақ әрі бірсарынды учаскелерде рөлде қалғып кету қаупін азайтуға;
- жүргізушінің зейінін арттыруға;
- жол жағдайын қабылдауды жақсартуға мүмкіндік береді.
«Әсіресе, мұндай жүйе ұзақ қашықтықтағы трассаларда жоғары тиімділігін көрсетеді. Себебі дәстүрлі жол таңбалары мен белгілер кей жағдайда көрінбей қалуы мүмкін», – дейді компания өкілдері.
Шетелдік пилоттық жобалардың деректеріне қарағанда, лазерлік сигналдарға жүргізушілердің реакциясы дәстүрлі құралдарға қарағанда әлдеқайда жылдам болады екен. Мұндай учаскелерде жол-көлік оқиғаларының деңгейі 40–50%-ға дейін төмендейді.