1 Тамыз 11:12

«Әкесінің кесірі тиді...» – Талғат Ермегияев НЕГЕ мерзімінен бұрын түрмеден шықпауы мүмкін?

Сотталушы
Фото: Коллаж NEGE

Бұрынғы спорт министрі, «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының экс-төрағасы Талғат Ермегияев 2016 жылы маусымда 14 жылға сотталып, жазасын қатаң режимдегі түрмеде өтесін деген үкім шыққан.

Т.Ермегияев жазасын қай түрмеде өтеп жатыр? Тәртібі қандай? Түрмеде не жұмыс істейді? Ескертулері немесе мадақтамасы бар ма? Туған-туыстарымен жылына неше мәрте кездеседі? Мерзімінен бұрын шығаруға өтініш берді ме?

Осы және өзге де сұрақтарды ҚР Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Теңізжан Жәнібековтің атына жолдағанбыз. Алайда комитет төрағасынан жауап ала алмадық. Төрағаның орынбасары міндетін уақытша атқарушы Ж.Баймағамбетовтен мынадай жауап келді: «Сұрауда көрсетілген сотталған адам сот үкіміне сәйкес жалпы негіздерде ҚАЖ қауіпсіздігі аралас мекемесінде жазасын өтейді. Сот оған қатысты жазаны неғұрлым жеңіл түрге ауыстыру туралы шешім шығарған жоқ.

Сондай-ақ, ҚАК-тің 93-бабына сәйкес сотталғандардың жеке істерінен өзге де ақпарат жария етілмейтінін хабарлаймыз».

Жауап
Фото: NEGE

Бұған дейін Қылмыстық-атқару жүйесі таратқан ресми ақпаратқа сенсек, Талғат Ермегияев қазір Қонаев қаласының іргесіндегі ЛА-155/14 мекемесінде жазасын өтеп жатыр. 2017 жылы ЕЦ-166/10 түзеу мекемесінің бастығы мен оның орынбасарын «түрмеде Ермегияевке жағдай жасап берді, камерасына алкоголь кіргізді, телефон мен интернет пайдалануға мүмкіндік берді, есепсіз кездесу ұйымдастырды» деп айыптап, сот санкциясымен қамауға алған.

2020 жылы Т.Ермегияев өзін қоныстандыру колониясына ауыстыру жөнінде сотқа өтінім-ходатайство берген болатын. Алайда Қапшағай қалалық соты өтінімді қанағаттандырудан бас тартты. 2021 жылы Ермегияевтің адвокаттары апелляциялық шағым түсірген, алайда Алматы облыстық соты мұны да қанағаттандырусыз қалдырды. 

2022 жылы Т.Ермегияевтің әлдебір мекеменің бөлмесінде спортпен айналысып, боксшылық қырын көрсетіп жатқан видеосы тарады. Алматы облысының Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бұл видеоның шамамен 2019 жылы түсірілгенін хабарлады.

Заречный
Фото: видеодан скрин

«Видеодағы сотталушылар 2021 жылдан бастап бөлек отыр, бір-бірімен қарым-қатынасы жоқ. Тағы бірі түрмеден босап шықты», – деген мәлімет таратты ҚАЖ департаменті.

2021 жылы Т.Ермегияев жазасын өтеп жатқан мекемеде тінту жүргізіліп, спорт заттары тәркіленген.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінен толымды жауап ала алмаған соң NEGE-нің инсайдерлік ақпарат көздеріне сүйенуге тура келді. Жағдайдан хабардар тұрақты оқырманымыздың айтуынша, Т.Ермегияев қазір де Заречныйдағы ЛА-155/14 мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Оған бұрынғыдай жағдай жасалмаған. Көппен бірге жүріп-тұрады.

«Талғат Ермегияев туралы «УДО-ға шығады, уақыты келді» деген қауесет шыққан, артынша жоқ болды. Әкесі Амангелді Дінұлының Қонаевты «трайбализмнің атасы» деп айыптап берген сұқбатынан кейін Тоқаев «түрмеден шығару мүмкіндігі жоқ» деп жауап беріпті-мыс.

Талғат Ермегияевті қорғау мақсатында халықаралық олимпиада комитеті аратүсті ғой, білесіз. Оларды тыңдамаған соң допинг ісімен барлық алтындарды қайтарды. Бұл да Талғатқа кесірін тигізді. Оның үстіне Дмитрий Медведьевтің досы Қайрат Қожамжаровтың әлі де ықпалы күшті. Ықпалы бар кезде ол өзі отырғызғандарды босатпауға тырысады. Егер босатса, өзінің артына қоңырау ілінетінін біледі», – дейді тұрақты оқырманымыз.

Н.Назарбаевтың «сенімді серіктерінің бірі болған» Амангелді Дінұлы бұған қатысты не айтар екен? Баласына кесірі тигені рас па? Егер айтары болса, уәжін қаз-қалпында жариялауға дайынбыз.