«Әкеден – ақыл, анадан – мейірім» атты мерекелік концерт өтті

Кеше халықаралық отбасы күніне орай «Даналық мектеп» жобасы аясында 1-4 сынып оқушыларының қатысуымен «Әкеден – ақыл, анадан – мейірім» атты бір жылдық қорытындымерекелік концерт өтті.
Бұл айтулы шара – мектеп пен отбасы арасындағы ынтымақтастықты арттыруға бағытталған «Әжелер мен Әкелер клубының» бір жылдық еңбегінің жемісі. Жас ұрпақ тәрбиесіне аса көңіл бөлетін уақытта ашылып, бүгінде өз нәтижесін бере бастаған мұндай клубтың еңбегі зор.
Шарадағы негізгі ерекшелікке тоқталсақ, 103 әкенің орындауындағы күй шеруі — ұрпаққа рухани мұра қалдыру жолындағы тәрбиелік үлгі бола білді. Ал әжелердің арт-терапия, қолөнер, кесте тігу, ұршық иіру секілді ұлттық дәстүрді дәріптейтін шеберлік сағаты қазақ халқының қолөнер бұйымын жасауды насихаттап, өскелең ұрпақ бойына ұлттық салт-дәстүрді сіңіруге септігін тигізеді. Сондай-ақ, мектеп оқушыларының өнеріне толы концерттік бағдарлама – би, ән және сахналық қойылымдар арқылы отбасылық құндылықтарды насихаттау да жобаның маңызды бөлігі саналады.
Аты айтып тұрғандай, іс-шараның мақсаты – жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды сіңіру, отбасы институтының маңызын арттыру және ата-ана мен бала арасындағы рухани байланысты нығайту.
Халқымызда «Әкеден – ақыл, анадан – мейір» деген әдемі нақыл бар. Өз ұрпағын инабаттылық пен мейірімге баулып, отбасы құндылықтарын сақтауды кішкентайынан құлағына құйып өсіретін үлкендеріміздің азаймағаны қуантады.