Ақбота Керімбекова неге өкпелі?
Танымал әнші Ақбота Керімбекованың әлеуметтік желідегі басылымның біріне көңілі толмай жүр. Өнер иесінің shownews.kz ақпараттық порталының тілшілер қауымына өкпесі қара қазандай.
Алматы, NEGE. Инстаграм парақшасында арнайы пост жазып, ақпараттық порталға ренішін білдірген Ақбота Керімбекова енді кез келген сұхбатқа бармаймын деп бекініп отыр. Айтуынша, осыдан бірнеше күн бұрын аты аталған ақпараттық порталдың тілшісі өнеріңізге байланысты сұрақтар қойылады деп шақырған. Алайда, сұхбат барысында өткенді қазбалап, жеке өміріне байланысты мәліметті кеңінен алуға тырысыпты. Соңында әлеуметтік желіге «Ақбота тағы да ақ келін атанбақ» деп жалған ақпарат таратқан. Осы тақырыппен жарияланған бейнесюжет әншінің ашуына тиген.
«Кейде осы журналистерге таң қалам... Адамның жеке өмірін жария етуге, жаман жағынан көрсетуге әрекеттеніп, құбылтып сұрақ қояды. Сонан соң сен сырыңның шет жағасын ғана жәй айта салсаң, ойпырмай жарияға жар салады-ау шіркіндер. Жалғыз емеспін дегенім рас. Шүкір Аллаға, ата-анам, бала шағам, достарым, ел жұртым бар. Күйеуге шығу туралы әңгіме болған емес. Күйеу деген сөз үшін қарғап сілеп, небір сөз жазып жатыр кейбіреулер. Білмей, көрмей асылық сөйлемегініміз дұрыс болар. Шындап келгенде менің жеке өмірім ешкімге де керек емес. Кімнің кім екенін, алдында не күтіп тұрғанын Алла біледі. Бала кезден қаныма сіңген аңғалдықпен ішімдегіні ақтара салатын әдетім бар енді... Бірақ біз шығармашылық адамы болғандықтан, өміріміз кейде елге қызық болғандықтан бұл да бір «пиардың» түрі деп қабылдай салыңыздар енді. Өнер адамдарының біраз сұхбаттарына сене бермегендеріңіз дұрыс болады. Түймедейді түйедей қылмайық ағайын!», – деп жазба қалдырды Ақбота Керімбекова.

Ал сұхбат алған тілші жалған ақпарат таратпағанын жеткізді. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Оқырманның өзі шешер. Бастысы, әркімнің әртүрлі тағдыры бар екенін ұмытпағанымыз жөн.