Ақбаян Мұқанғалиева емнен кейін балаларымен қауышты
Ақбаян Мұқанғалиева психикалық денсаулық орталығынан шыққаннан кейін балаларымен кездесті. Ол – Атырау облысы Жангелдин ауылында отбасына жасалған қанды қырғыннан аман қалған жалғыз жан.
Астана, NEGE. «Мой город» желілік басылымының жазуынша, қазір Ақбаянның жағдайы жақсарған, оңалту шараларынан өтіп, біртіндеп қалыпты өмірге оралып келеді.
Ақбаянның балаларымен кездесуін қайғылы оқиғадан кейінгі маңызды кезең деуге болады. Туыстарының айтуынша, балаларымен араласуы оның эмоционалдық жағдайына оң әсер еткен.
«Қазір Ақбаян өзін жақсы сезінеді. Алайда толық қалпына келуіне уақыт қажет. Біз емдеу мен оңалтуды жалғастырып жатырмыз. Мұндай жағдайдан кейін адамның қалыпты өмірге оралуы оңай емес. Сондықтан жақындарының қолдауы өте маңызды», – дейді туыстары.
Қазір Ақбаян туыстарының бірінің үйінде тұрып жатыр. Оның басты тілегі – балаларымен бірге болу және алдағы уақытта олармен бірге өмір сүру. Туыстары Ақбаянның емделуі мен оңалуын жалғастырып, оның толық қалпына келіп, балаларымен бірге жаңа өмір бастай алатынына үміттенеді.
Туыстары әзірге Ақбаянға отбасына қатысты қайғылы жайтты естіртпеген. Жақындары бұл ақпарат оның психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін деп алаңдайды.
Еске салсақ, өткен жылы 25 желтоқсанда Атырау қаласының тұрғыны полицияға арызданып, ағасы мен оның отбасы мүшелерінің хабар-ошарсыз кеткенін мәлімдеген.
6 қаңтарда Атырау облысында хабар-ошарсыз кеткен ерлі-зайыпты – 1959 жылы туған Мақсот Қарабалин мен 1961 жылы туған Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіттері ауылдағы үйінің қорасынан табылғаны хабарланды. Екі адамның өліміне отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев күдікті деп танылып, оған іздеу жарияланды.
Күдікті Сәрсемәлиев пен бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева 24 ақпанда Индонезияның Ломбок аралында ұсталды. Олар 9 наурызда Атырауға жеткізілді.
Атырау облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сұлтан Сәрсемәлиевті бір отбасының төрт адамын өлтіргені үшін кінәлі деп танып, оны өмір бойына бас бостандығынан айырды.
Ал Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Бұған дейін ол өз ата-анасы, бауыры мен әпкесінің аса ауыр қылмыс туралы хабарламағаны үшін күдікті деп танылған болатын. Қылмыстық кодекстің 434-бабы бойынша қозғалған іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды.