15 Маусым 14:18
...

Айша Алмасқызы: «Би арқылы киелі сахнаның қасиетін ұғындым»

Фото:

Өскелең ұрпақ өнердің сан түріне қызығушылық танытады. Бойындағы талантымен дараланып, қатарынан оқ бойы озық жүрген жасөспірімдеріміз, бүлдіршіндеріміз жетерлік. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз би өнерінің жұлдызы – Айша Алмасқызы. Әлемдік деңгейдегі биші болуды армандайтын талдырмаш қыздың алға қойған мақсаты айқын.

Музыканың ырғағымен қозғалып, икемге сай мың бұралатын тілсіз өнердің қыр-сырын меңгеру қажырлы еңбекті талап етеді. Үнемі ізденіс үстінде жүретін Айшаның жасы 14-те. Ол осы уақытқа дейін бишілігімен талайларды тамсандырып, зор жетістіктерге жетіпті. Сұхбаттасудың сәті түскен кейіпкеріміз Алматы қаласында дүниеге келген. Айша кішкентай күнінен бастап биді нақышына келтіріп билейді екен. Қыздарының бойынан ерекше болмысты байқаған ата-анасы оны алты жасынан бастап мектептегі би үйірмесіне беріпті. Содан бері ол осы өнердің қыр-сырын үйреніп жүр. Бидегі жетістіктері мен алдағы мақсатын кейіпкеріміз сұхбатында баяндады.

– Айша, әңгімемізді би әлеміндегі алғашқы қадамыңнан бастайықшы. Өзің туралы, өнерің туралы білгіміз келеді... 

–  Мен 2009 жылы Алматы қаласында дүниеге келдім. Әкемнің аты – Алмас. Ол  “KAZ Minirals” зауыттында кенші болып қызмет етеді. Анам – Ақмарал.  Саналы өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұстаз. Мен үйдің ортаншы баласымын, әпкем мен сіңілім бар. Әпкем анамның жолын қуып ұстаздықты таңдаған, ал сіңілім екеуміз би жолындамыз. Мен биге алты жасымнан қатысып келемін. Биге деген қызығушылығым ерекше. Мен үшін ол – бөлек әлем. Биді үйірмеден бастадым, кейінірек атта-анам арнайы оқу орталығына берді. Мен ол жерде "Ягодка" би ансамбліне қосылдым.

– Би өнерінде өзіңе үлгі болып, жол сілтеп жүрген сүйікті ұстаздарың бар ма?

–  Әрине, сүйікті жетекшім – Калачева Елизавета Александровна. Ол кісі маған 6 жылдан бері ұстаздық етіп келеді. Жетекшімнің арқасында жеткен жетістіктерім өте көп. Осы уақытқа дейін "Dara-fest","Самғау", "Жарқын жол", " Танцуют все", "Жас дарын" деген сияқты көптеген байқауларға қатыстым, шеберлігімді шыңдадым. Бәріне жетекшімнің арқасында жетіп келемін. Ол кісіге алғысым шексіз.

–  Алғашқы байқауың есіңде ме? Жалпы қандай байқау есіңде ерекше сақталды?

– Менің ең бірінші байқауым 2016 жылы "Dara-fest" байқауы еді. Байқауда екінші дәрежелі орынға ие болдық. 2019 жылы өткен  "Самғау" байқауы ерекше есімде қалыпты. Сол жылы мен бірінші рет бас жүлдеге қол жеткіздім. Өнердегі еңбегімді одан әрі дамытуға ерекше серпін берді. 

– Бидің қай түрін билеген ұнайды? 

– Мен үшін ең сүйікті би, 2019 жылы барған "Творческое наследие" байқауында орындаған "Вальс Штрауса" биі болды. Ол классикалық жанрда еді. Сол себепті ол мен үшін ең сүйікті билердің қатарында.

– Алдағы жоспарың қандай?
– 17 маусым Астана қаласына байқауға барамыз. Бұл басқа қалада өтетін байқауға бірінші рет қатысуым болып отыр. Біз үнемі топпен жүреміз. Сол тобымызбен байқауларға ғана емес, түрлі концерттерге, іс-шараларға қатысамыз. Сонымен қоса көптеген сауда орталығында болатын іс-шараларға барып тұрамыз. Мысалы, "Апорт" сауда орталығында өнер көрсетеміз.

Алдағы уақытта да осы өнердің шыңына шығып, әлемдік сахналарды бағындырғым келеді. Сол себепті, тоқтамаймын, үнемі ізденіс үстінде жүремін. 

– Бидің өміріңе пайдасын тигізген тұсы болды ма? 

– Би – мені жаңа қырымнан танытты, бір мүддені мақсат еткен достарыммен таныстырды. Ең бастысы, киелі сахнаның қасиетін ұғынып, қорықпай өнер көрсетуді үйрендім. Сахнада мың бұралып билеген өзіме қатты ұнайды. Ұнайтын іспен айналысқандықтан жаным рахаттанады. Бидің арқасында әр күнім қызыққа толы, өмірім жарқын.  

– Әңгімеңе рахмет! Жеңістерің көп болсын!

Сұхбаттасқан: Томирис Абдықадыр

Тегтер: