Air Astana ұшағында тағы да дәретханалар істен шықты
8 қаңтар күні әуе компанияның Алматы – Сеул бағыты бойынша ұшып шыққан KC210 рейсі Бейжің әуежайына шұғыл түрде қонуға мәжбүр болған.
Астана, NEGE. Әуе кемесінің шұғыл қонуына ұшақтағы барлық дәретхананың істен шығуы себеп болған.
«Әуе кемесі жергілікті уақыт бойынша сағат 09:25-те ұшып шығып, 11:50-де сәтті қонды. Қазіргі уақытта ақауды жою үшін қажетті қосалқы бөлшектің жеткізілуін күтуде. Осыған байланысты рейстің ұшуы жергілікті уақыт бойынша сағат 01:00-ге ауыстырылды», – деп хабарлады Air Astana әуе компаниясының баспасөз қызметі.
Компания өкілдерінің мәлімдеуінше, Қытайдың шекара қызметінің басшылығының келісімімен виза талап етілмейтін жолаушыларға қонақүйге орналасып, қалаға шығуына рұқсат беру жөнінде ресми өтініш жолданған. Ал қалған жолаушылар транзиттік аймақта қалып, оларға тамақ пен сусындар ұсынылған.
«Air Astana әуе компаниясы жолаушылардан келтірілген қолайсыздықтар мен рейстің кешіккені үшін кешірім сұрайды», – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін де Air Astana ұшағы әуе кемесіндегі барлық дәретхананың істен шығуына байланысты діттеген жеріне дер кезінде жете алмаған еді. 26 желтоқсанда Фукуок – Алматы бағытындағы KC 162 рейсі техникалық ақауға байланысты ұшып шыққан әуежайына кері қайтуға мәжбүр болды.