9 Қаңтар 21:55
...

Air Astana әуе билеттері саудасына қатысты дауға пікір білдірді

Air Astana
Фото: Air Astana

Air Astana Ренат Абулхановтың әуе билеттері саудасына қатысты даулы мәлімдемесінен кейін пікір білдірді.

Астана, NEGE. Компания өкілдері қызметкер басшылықтың тапсырмаларын орындаудан бас тартқаны үшін қудалауға ұшырады деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұл мәлімдемелерді шындыққа жанаспайтын әрі қоғамдық пікірге әсер етуге бағытталған әрекет деп бағалады.

«Көпшілік жарияланымдарда сондай-ақ компания қызметкерлерінің ішкі хат алмасу фрагменттері ретінде ұсынылған бейнелер көрсетілген. Компания аталған материалдардың дұрыстығын, толықтығын және түпнұсқалығын растамайды. Олардың шығу мән-жайын және мазмұнын тексеру заңда белгіленген тәртіппен ғана мүмкін», – делінген хабарламада.

Әуе компаниясы бұл мәлімдемелер өзінің іскерлік беделіне нұқсан келтіретінін атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, FlyArystan компаниясының бұрынғы қызметкері Ренат Абулханов Air Astana өзінің топ-менеджерлеріне әуе билеттерін жеңілдікпен сатқанын мәлімдеген еді. Абулханов Air Astana компаниясында 2011–2015 және 2019–2024 жылдары жұмыс істеген, ал оның соңғы қызметі Air Astana құрамындағы FlyArystan бөлімшесінің маршруттық желіні жоспарлау және кірістерді басқару жөніндегі директоры болған.

Жеңілдікпен берілген билеттерді алушылардың қатарында Air Astana басшысы Питер Фостердің жұбайы Татьяна Фостердің де есімі аталған.

Осыған байланысты Бас көлік прокуратурасы Air Astana және FlyArystan авиакомпанияларына қатысты тексеру жүргізеді.

Тегтер: