Айналымда 30 млн-нан астам төлем карточкасы бар
ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында көлеңкелі экономиканы төмендету шаралары қаралды. Тиісті салаларда жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы М.Әбілқасымова және «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары О.Ордабаев баяндады.
Алматы, NEGE. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі көлеңкелі экономика деңгейін төмендетудің жүйелік шараларын іске асыруға белсенді түрде қатысуда. Көлеңкелі экономика деңгейін төмендетудің негізгі шараларының бірі – халық пен кәсіпкерлер арасындағы қолма-қол ақшасыз аударымдар мен төлемдерді ынталандыру. М.Әбілқасымова атап өткендей, 2017 жылы заңды тұлғалар арасындағы ең төмен есептік көрсеткіштің мың еселенген мөлшерінен жоғары сомаға мәміле бойынша барлық есеп айырысу қолма-қол ақшасыз формада жүзеге асырылуға тиіс деген заңнамалық талап енгізілді. 2020 жылғы сәуірде Ұлттық банк заңды тұлғалардың банк шоттарынан қолма-қол ақшаны алу сомаларының шекті мөлшерін белгілейтін қаулы қабылдады.
«Қолма-қол ақшасыз айналымды кеңейту үшін биылғы 25 маусымда Мемлекет басшысы цифрлық технологияларды реттеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, онда жылжымайтын мүлікпен мәміле бойынша есеп айырысуды тек қолма-қол ақшасыз формада жүргізу қажеттілігі туралы талап көзделген. Аталған шараларды іске асыру үшін агенттік банктер клиенттерінің қолма-қол ақшаны пайдалану бойынша белгіленген нормаларды сақтауына мониторинг жүргізеді», – деді М.Әбілқасымова. Халықтың қолма-қол ақшасыз есептесуді кеңейту үшін банк шотын қашықтан ашуды енгізу тиімді шара болып табылады. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасының айтуынша, кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бойынша заңнамаға сәйкес дербес деректерді идентификациялау және құжаттармен растау үшін банк бөлімшесінде клиенттің міндетті түрде болуы талап етілді.