Аймағамбетов ұлдарға кесте тігуді, қыздарға шеге қағуды үйретпек пе?

Жаңа оқу жылындағы өзгерістер мұғалімдерді есеңгіретіп жібергендей. Жаңа оқу жылынан бастап мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес, бір сыныптың барлық оқушысы дене шынықтыру сабағын, сондай-ақ басқа да пәндерді бірге оқитыны белгілі болды.
Биылдан бастап бір сыныпта бала саны 24-ке жетпесе, «Көркем еңбек» пәні бойынша ұлдар мен қыздар бөлінбейтін болды. Бұл жағдай мұғалімдердің алаңдауына себеп болып отыр. Әсіресе, ауылдық өңірдің ұстаздарына бұл жағдай оңай соқпайтын сыңайлы. Өйткені, 80% ауылдық жерлердегі білім ордаларында бала саны аз. Бір сыныпта 20-ға жетпейтін бала оқиды.
Фото: otyrar.kz
Ауылда бір мектепте «Көркем еңбек» пәнінің 3 мұғаліміне 7-8 сағаттан ғана тиіп отыр. Мұғалімдердің жалақысы енді жақсарды деп арқаны кеңге сала бастаған кезде бұл жағдай ұстаздарға жұдырық болып тигендей.
Ұстаздарды ашындырып отырған тағы бір мәселе бар, қыздар мен ұлдар «Еңбек» пәнін бірге оқыса, ұлдар кесте тігуді, қыздар шеге қағуды үйренеді деген сөз. Мұны да ұстаздар қауымы айтып, дабыл қақты.
«Білім саласында өте көп өзгерістер болып жатыр. Соның бірі «Көркем еңбек» пәнінің ұл мен қызға бөлінбеуі. Бала саны 24-ке толған жағдайда ғана ұлдар мен қыздар бөлінеді.
Біраз жыл бұрын 1-6 сыныптардағы еңбекке баулу және бейнелеу өнері, 5-6 сыныптарда технология пәні мен бейнелеу өнері пәндері кіріктіріліп, «Көркем еңбек» пәні болып өзгертілді. Ал, 9-сыныпта «Сызу» пәні, 10-11 сыныптарда «Технология» пәні мүлдем алынды. Сонымен қатар, аптасына 2 сағаттық оқу жүктемесі 1 сағатқа қысқарып кетті. Барына қанағат етіп, жұмыс істеп келдік. Ал биылғы оқу жылында білім стандартында «Бала саны сынып толымдылығына қарамастан бөлінеді» деген тармағы алынып тасталынды», - деп ашынды ұстаздар.
Олар қазіргі таңда ұлдар мен қыздарға біріктірілген жоспардың әлі де дайын емес екенін алға тартты.
«45 минуттың ішінде ұлдарға ағаш аралатып, қыздарға кесте тіктіру мүмкін бе? Жоғарыдағылар осыншама шектеу жасағанда, ұлдар мен қыздарға біріктіріліп жасалынған жоспардың дайындалмағаны тағы бар. Сағат жетпеген кезде, көптеген мұғалімдер «Өзін-өзі тану» пәнінен сағаттар алып, толықтырылған болатын. Ол пәнді де биылғы жылы алып тастады. Нәтижесінде қаншама әріптестер қысқаруға ұшырады. Оның ішінде орыс тілі, дене шынықтыру, өзін-өзі тану пәні мұғалімдері бар.
Жұмыс істеп жүріп, босап қалған әріптестерді санамағанда, осы мамандықтар бойынша оқу бітірген жастарымыз сандалып бос қалатын болды. Осы мәселе неге 5-6 жыл бұрын ескертілмеген. Ол жастардың қаншама уақыты мен қаражаты зая кетті емес па? Біз, жоғарыда аты аталған пән мұғалімдері шарасыз қалдық.
Батыстың мәдениетіне еліктейміз деп, қазіргі таңда ұлдарымыз бетін бояп, қыздарымыз инабаттылығынан ажырап барады. Балаларды еңбекқорлыққа тәрбиелеп, шығармашылығын шыңдайтын, ұмыт болып бара жатқан қолөнерімізді жаңғыртып, баланың бойында патриоттық сезімді қалыптастыратын осы пән емес пе?!», - деп дабыл қақты ұстаздар.
Бұлай істеуге не себеп болды? Бұл мәселе шешімін таба ма, әлде осы күйінде қала ма? Ұлдарымыз кесте тігіп, қыздарымыз шеге қағып жүре бере ме?
NEGE порталының тілшісі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Таңатқызына осы сауалдарды жолдаған болатын.
«Көркем еңбек пәнінің орнына екі пән жүргізілетін болады. Бұл, біріншіден, «Бейнелеу өнері» және «Еңбекке баулу». Екіншіден, «Еңбек» пәнін бөлуге байланысты айта кетейін. «Еңбек» пәнін екіге бөлу мәселесі мемлекеттік стандарттарға байланысты бірнеше кезеңдерден өтті. Алғашқы ретте ұлдар мен қыздардың бөлініп оқыған кезі де болды.
2020 жылдан бастап, «Еңбек» пәнінен сыныпта 24 бала болған жағдайда бөлуге байланысты нормалар бекітілген болатын. Ұлдар мен қыздарды бөлмей, бірге оқыту биылғы жылы ғана бекітілген норма емес. Оның 2020 жылдан бастап енгізілгенін айтқым келеді», - деді Шолпан Каринова.
Вице-министр «Еңбек» пәнінің бағдарламасына қатысты былай деді: «Әрине, оқу бағдарламасының ішінде ұлдар да, қыздар да айналысатын еңбектің түрлері бекітілген. Осы бойынша бұл пәннің мұғалімі тиісті оқулықтар, тиісті бағдарламаның көлемінде оқу прцесін қыздармен де, ұлдармен де жүргізуі тиіс.
Неге оқушы саны 24 болғанда ғана бөлінеді деген сұраққа келетін болсақ, ауыл мектептерінің 2700-ден артығы шағын жинақталған мектептерге жатады. Ал мұндай мектептердің барлығында оқушы саны 24 емес, 16 болған жағдайда екі топқа бөлініп оқытылатыны мемлекеттік нормада және тиісті стандарттарда көзделген. Сондықтан осы нормаларды пайдаланып ауылдық жерде, қалалық жерде тиісті шеберханалардың болуына байланысты бөліп оқыту мәселесі қарастырылған», - деді вице-министр.
Оқу-ағарту вице-министрі бұл мәселеге қатысты осылай деді. Мұндай тәжірибеге қарсылық танытқан ұстаздардың уәжіне министр А.Аймағамбетов құлақ аса ма, жоқ па, ол жағы белгісіз.